Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде 18 жастағы қыздың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда болған. Адамдардың көп жиналуынан концертке келген қыздардың бірі зардап шеккен.
– Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Адамдардың көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында, – деп хабарлады полиция.
Оқиғадан кейін концертті ұйымдастырушылар полицияға жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
– Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады, – делінген ведомство хабарламасында.
Әзірге зардап шеккен қыздың қандай жарақат алғаны және денсаулық жағдайы туралы толық мәлімет жарияланған жоқ.