Ғалымдар Марс ғаламшарында күн сайын пайда болып, бірнеше сағаттан кейін жоғалып кететін алып бұлттың қалай қалыптасатынын түсіндіруге жақындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Еуропа ғарыш агенттігінің зерттеуіне сәйкес, бұл құбылыс бұрын табиғатта байқалмаған ерекше физикалық үдеріспен байланысты болуы мүмкін. Зерттеушілердің назарын Арсия тауының маңында пайда болатын ұзын ақ бұлт аударған. Оның ұзындығы кейде 1800 шақырымға дейін жетеді.
Бұлт Марстың оңтүстік жартышарында көктем мен жаз мезгілдерінде байқалады. Ол биіктігі шамамен 20 шақырым болатын Арсия жанартауының ық жағында пайда болып, бірнеше сағат бойы созылады да, кейін буланып жоғалады. Ғалымдар осы құбылысты компьютерлік модель арқылы түсіндіруге тырысқан. Алайда бастапқы есептеулер нақты бақылау нәтижелеріне сәйкес келмеген.
Зерттеушілер модельге су буының шаң түйіршіктерінің көмегінсіз тікелей мұз кристалдарына айналу мүмкіндігін енгізгеннен кейін ғана бұлттың қалыптасуын түсіндіре алған.
Әдетте атмосферадағы су буы сұйық тамшыға немесе мұз кристалына айналу үшін шаң, тұз немесе басқа да ұсақ бөлшектер қажет. Ал Марстағы ерекше жағдайда су буы мұндай бөлшектерсіз-ақ мұзға айналуы мүмкін.
Ғалымдардың есептеуінше, жанартау маңындағы ауа ағыны ылғалды бірнеше минут ішінде бірнеше шақырым биіктікке көтереді. Соның әсерінен температура небәрі он минутта 30 градусқа төмендеп, су буы мұз кристалдарына айналады.