Қазақстанда 138 құрылыс нысанына қатысты декларацияны келісуден бас тартылды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Қазақстанда құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігіне қатысты 138 декларацияны келісуден бас тартылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, биыл 1 маусымнан бастап елімізде жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес ғимараттардың мүгедектігі бар және жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін бағалаудың жаңа тәртібі енгізілген.

2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша министрліктің аумақтық департаменттеріне 562 өтініш түскен. Оның 147-сі мақұлданған, 138-і бойынша келісуден бас тарту туралы шешім қабылданған. Тағы 165 өтініш қаралып жатыр. Бас тарту жағдайлары ең көп тіркелген өңір – Алматы қаласы. Мұнда 41 өтініш мақұлданбаған. Қостанай облысында 18, Шымкентте 14 өтініш бойынша осындай шешім шығарылған.

Жаңа тәртіптің басты мақсаты – ғимараттарды пайдалануға бергенге дейін олардың барлық азамат үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, құрылыс нысандарының мүмкіндігі шектеулі адамдардың еркін жүріп-тұруына қаншалықты бейімделгені ескеріледі.

Министрлік ғимараттардың қолжетімділігі құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.