Есіл аудандық ауруханасынан тағы бір қаралы хабар жетті. Әріптестері болашағынан зор үміт күттірген жас дәрігер Екатерина Шлегельдің қазасына қайғырып, көңіл айтып жатыр. Ал қара жамылған анасы мен әпкесі жақынының өмірден не себепті өткенін білгісі келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облысының Есіл аудандық ауруханасында қайғылы жағдай болды. 38 жастағы дәрігер Екатерина Шлегельдің өмірі мезгілсіз үзілді. Әріптестері оны кәсіби білікті, болашағынан зор үміт күттірген маман ретінде еске алып, әлеуметтік желілерде көңіл айту жазбаларын жариялап жатыр. Жақындарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір күн бұрын ғана Алматыдағы демалысынан оралған Екатерина келесі күні жұмысқа шықпай қалған. Ал кешке қарай оның қайтыс болғаны белгілі болды. Артында аңырап қалған анасы мен әпкесі, әріптестерінің қимастығы мен жауапсыз қалған сауалдар қалды. Ең ауыры жақындары үшін сүйікті жанынан айырылу ғана емес, оның соңғы күндері не жағдайды бастан өткергенін түсіне алмай дал болған.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, қайғылы жағдайдың алдында Екатерина Көкшетау қаласында жауап алу рәсіміне шақырылған. Ол қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өткен. Тергеу барысында дәрігердің ұялы телефоны тәркіленгені де айтылады. Үйіне оралған соң Екатеринаның көңіл күйі түсіп, жабырқау болғаны туралы ақпарат бар. Кейін ол әпкесіне анасының үй телефонынан қоңырау шалған. Одан соң өз үйіне кеткен. Келесі күні жұмысқа келмеген дәрігерді кешке қарай әпкесі үйінен тапқан.
Марқұмның денесінің жанынан анасына арналған қоштасу хаты табылғаны хабарланды. Онда небәрі «Сағынамын» деген бір ауыз сөз ғана жазылған.
Қысқа ғана жазба жақындарының жүрегіне жара салған ауыр мұңға айналды. Алайда Екатеринаның соңғы күндері қандай күйде болғанын, оның көңіл күйіне не әсер еткенін және қайғылы оқиғаға қандай жағдайлар себеп болуы мүмкін екенін әзірге нақты айту мүмкін емес.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Есіл ауданының 38 жастағы тұрғыны өз-өзіне қол жұмсаған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауда, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінен.
Полицияның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Екатеринаның өмірінің соңғы күндерінде не болғаны, оның психологиялық жағдайына қандай факторлар әсер еткені және қайғылы оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.