Саясаттанушы: Қоғам ел басқаруға сайлау арқылы ғана қатыспайды

Бақытжан Бұхарбай сайлау рәсімдерінің ашықтығына да тоқталды. 

Заң қабылдаудан бастап жергілікті бюджеттерді бөлуге дейінгі мемлекеттік мәселелерді шешуге қоғам өкілдерінің қатысуы Қазақстанның жаңа конституциялық моделінде қарастырылған. Бұл жүйеде Құрылтайға, өңірлік өкілді органдарға және заң шығару бастамасы құқығына ие болған Қазақстанның Халық Кеңесіне ерекше орын берілген. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктері мен олардың мүмкіндіктері туралы саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының алтыншы сессиясында баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Сарапшының айтуынша, азаматтардың ел басқаруға қатысуы өкілді институттар жүйесі және халықтың тікелей ерік білдіру тетіктері арқылы қамтамасыз етіледі. Жалпыұлттық деңгейде заң шығару билігін 145 депутаттан тұратын Құрылтай жүзеге асырады. Ал өңірлерде халықтың мүддесін мәслихаттар білдіреді. Олардың құзыретіне жергілікті бюджеттер мен әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын бекіту кіреді.

«Қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуы тек сайлаумен шектелмейді. Бұл – азаматтардың әртүрлі деңгейде мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына мүмкіндік беретін тетіктер жиынтығы», – деді Бақытжан Бұхарбай.

Саясаттанушы Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейтуге де ерекше назар аударды. Жаңа Конституцияға сәйкес, депутаттар Премьер-министрді, Вице-президентті, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді.

Қоғамдық өкілдіктің маңызды буынына 126 өкілді біріктірген Қазақстанның Халық Кеңесі айналды. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және өңірлердің өкілдері енген. Кеңестің ерекшелігі – қоғамдық-кеңесшілік қызметімен қатар, заң шығару бастамасын көтеруге және республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуге құқылы.

«Қазақстан Халық Кеңесінің ерекшелігі – оның қоғамдық диалог алаңы болумен шектелмей, заң шығару бастамасымен шығуға және референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуге мүмкіндігі бар», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Бұхарбайдың айтуынша, 24 қыркүйекте өткен Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында алдағы жұмыстың негізгі бағыттары белгіленген. Олардың қатарында ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық келісім мәселелері және өңірлермен өзара іс-қимыл бар.

Саясаттанушы сайлау жүйесін жетілдіру мәселесіне де тоқталды. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін сайлау туралы заңнама Парламенттің бір палаталы моделіне сәйкестендірілді. Партиялық тізімдерде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған квоталар қарастырылған. Сондай-ақ сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасауға көңіл бөлінеді.

Бақытжан Бұхарбай сайлау рәсімдерінің ашықтығына да тоқталды. Оның келтірген деректеріне сәйкес, тамызда өткен парламенттік сайлауды 51 мыңнан астам қазақстандық және 777 халықаралық байқаушы бақылаған.

Саясаттанушының айтуынша, заңнамада сайлау комиссияларының ашық отырыстарын өткізу, дауыстарды санау кезінде қатысушыларға бюллетеньдерді көрсету және дауыс беру қорытындылары жазылған хаттамаларды сайлау учаскелерінде екі күн ішінде орналастыру тәртібі көзделген.