Билік елде «дағдарыс» туғанын жасырмайды. Биік лауазымды тұлғалар жауырды жаба тоқымай, ұғымды өзге баламасымен ауыстырмай ашық айтады. «Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің мақсат – мүмкіндікті барынша пайдаланып, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек», – деді Президент Қ.Тоқаев. Тиісінше, дағдарысқа қарсы бағдарламалар мен пәрменді шаралар қабылдануда. Сарапшылардың байламынша, әлемде «мінсіз дауыл» (идеальный шторм немесе perfect storm) орнады. «Ағылшын тілінің Оксфорд сөздігіне» жүгінсек, бұл термин бірнеше қолайсыз метеорологиялық фактордың өте сирек үйлесуі нәтижесінде туындайтын төтенше сұрапыл дауылды білдіреді. Қазір ол көркем теңеу ретінде қолданылады. Өйткені сан алуан құбылыс бір мезетке сәйкес келгенде олардың жиынтықты күйретуші қуаты адам сенбес алапат дәрежеге жетеді.
Біріншіден, Қытайдан шыққан коронавирус індеті осы айда жаһанға кең жайылып, дүниежүзілік тарихта қалатын ғаламат пандемияға айналды. Салдарынан планетамыздағы барлық елдерде кәсіпорындар жабылып, өнеркәсіптер жаппай күйзеліп жатыр. Екіншіден, «қара алтын» өндірісін қысқартуы нәтижесінде біраз нарықтан айырылып, оларды басты қарсыласы – АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндірушілерге беріп қойғанына назаланған Ресей мұнай өндірісін бұдан ары қысқартудан бас тартып, араб елдерімен арадағы ОПЕК+ мәмілесін бұзды, сөйтіп мұнай нарығындағы соғысты бастады. Соның кесірінен шикізаттың бұл түрі биыл екі еседен астамға арзандап кетті. Үшіншіден, бүгінде әлем экономикасының беталысын айқындайтын АҚШ, Қытай және Еуроаймақ экономикасының өсімі баяулап, дүниежүзілік рецессия басталған.Осының барлығына Батыстың Ресейге қарсы қатаң санкцияларын жоймауы, инвесторлардың дамушы елдерден кетуі, «сауда соғысы» зардабынан елдердің өзара тауар айналымының кемуі секілді ескі жылдан қалған түйткілдер үстемеленді. Қазақстан жағдайына келсек, біріншіден, бюджет доноры саналатын мұнайлы өңірлерде өндіріс дағдарды. Екіншіден, отандық басты экспорттық тауар – шикізаттан түсетін түсім азайып кетті. Үшіншіден, наурыз айында теңге күрт құнсызданды. Төртіншіден, ел экономикасын ілгері сүйрейтін қос ірі мегаполистің карантинге жабылуы елдегі дағдарысты күшейтті. Бұлар қатарына енді кіріп-шығуды шектеген үшінші мегаполис те қосылатын түрі бар. Бесіншіден, өзімізде жасалмайтын немесе мардымсыз көлемде өндірілетін тауарлар импортының қымбаттауы бұқараның тұрмысын төмендетуде.
Тұйықтан шығар жол қайсы?
Егер қандай да бір адам әлдебір жақпамайдың жараны жазатынын білсе, келесі жараланғанда соны пайдаланары сөзсіз. Адамның психологиясы, сана-сезімі, тарихи жады солай. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан 3 жаһандық дағдарысты өткерді, бұлар: 1998 жылғы Азиядағы дағдарыс, 2008 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс және 2015 жылғы қаржылық-экономикалық дағдарыс. Экономистер байламынша, республика осы жылдары циклдық өсім мен ЖІӨ құлдырауының 4 ірі фазасын бастан кешті.Сарапшылар «мінсіз дауылдан» үрейленіп, дүрбелеңге түспеуге шақырады. Қазақ елінің жаңа мемлекеттілігі де дәл осындай дағдарыс кезеңінде ірге көтергені мәлім. Азаттыққа қол жеткен шақта, ХХ ғасырдың 90-жылдары мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімі 61%-ға құлдырады. Баға құнсыздануы шарықтау шыңына жетіп, 2000%-дан астам гиперинфляция жүрді. 130-ға жуық ірі кәсіпорын күйреді. Бағалар айына 50 пайыздап қымбаттады. Барлық жерді жұмыссыздық жайлады: 1991-1995 жылдары Қазақстанда екі қолға бір күрек таппай, табыссыз сенделген азаматтар саны 2 миллион адамға жетті.Биліктің ендігі басты мұраты – осы залалдың қайталануына жол бермеу. Осы мақсатта ел Үкіметі «Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі «Жол картасы» жобасын қолға алды. Құжат «тарихи санаға» құрылған. Яғни, дағдарыстан шығу үшін мемлекет қайтадан инфрақұрылым тұрғызуға, жөндеуге және ауыл-аймақты гүлдендіруге ден қоймақ. «Қазақстанда дағдарыс салдарын еңсерудің және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеудің бұрыннан жинақталған практикалық тәжірибесі бар. Мысалы, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында 2009 жылы алғаш рет жұмыскерлердің жаппай босатылуының алдын алудың, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік қорғаудың жаңа бағдарламалары мен әдістері – Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы әзірленді, ол «Жол картасы» деп аталды. Оны қаржыландыруға 2019 жылы – 191 млрд теңге, 2010 жылы 151 млрд теңге жұмсалды. Небәрі 2 жылда барлығы 8 871 жоба іске асырылды, оларда 390,6 мың жұмыс орны ашылды» деп түсініктеме берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұл карта қайда бағдар сілтейді?
Жаңа бағдарлама қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздар армиясының күрт артуын болдырмауға, елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған шаралар кешенінен тұрады. Жол картасына бұл жолы бюджеттен тура 300 миллиард теңге бөлініп отыр. Зауыт-кәсіпорындар, компаниялар, ұйымдар жұмыстан шығарған азаматтарға мемлекет осы қаржыға қандай жұмыс ұсынбақ? Бірінші бағытта әлеуметтік-мәдени нысандарды, нақтылай кетсек, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау, жер сілкіну қаупі бар өңірлерде ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары қарастырылған. Екінші бағытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын – сумен, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау және кәріз жүйелерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу көзделеді. Үшінші бағытта инженерлік-көлік инфрақұрылымына – автомобиль жолдарына, қала көшелеріне, кентішілік және ауылішілік жолдарға, кірме жолдарға, бөгеттерге, көпірлерге күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жүргізіледі. Төртінші бағытта елді мекендерді абаттандыру – аулаларды жаңарту, сондай-ақ көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру әрі көгалдандыру, иесі жоқ ғимараттарды бұзып, күресінге жіберу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңқайларын жайластыру-жабдықтау жоспарланған. Жергілікті әкімдіктер 300 млрд қаражат аясында қандай жобалар жүзеге асырылатынын өздері анықтайды. Тек ол жобадағы 1 жұмыс орнын ашу құны 4 млн теңге шегінен асып кетпеуі керек. Бұл ретте нысанның жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамасы және басқа құжаттарының болуы шарт. Жоба ауыл не қала үшін өзекті болуы және тұрғындардың жағдайын жақсартуы қажет. Осы жұмысқа келіскендерге 85 мың теңгедей жалақы белгіленеді. Үміткерлердің кемінде 50%-ы халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылады. Әрине, коронавирусқа байланысты ұжымдық жұмыс «ыдырап», адамдар бір-бірінен алшақтатылып жатқан қазіргі төтенше жағдайда Жол картасын іске асыру күрделі. Сондықтан негізгі іс-қимыл жазға қарай басталатын болар.Алайда қазірдің өзінде қара жұмысты қомсынып отырғандар бар. Мысалы, Covid-19 пандемиясы ең көп нұқсан келтірген салалардың бірі – турагенттіктер өкілдері ел Президенті Қ.Тоқаевқа хат жазды. Онда бастамашыл топ туризм саласында жұмыс істейтін 80 мың адамның 90 пайызы – әйел екенін, олар ғимаратты бұзу, жол жөндеу, қазандықты реконструкциялау секілді ауыр жұмыстарға бара алмайтынын айтады. Шетелдік жылы да жайлы жағажайлар мен салтанатты қонақүйлерді аралауға және кеңседе отырып оны клиенттеріне жарнамалауға бейімделген қызметкерлер үшін бұл қорқынышты түстей болса керек.Сондықтан бастамашыл топ Жол картасына бөлінген мол қаржының бір бөлігіне туристік ұйымдарды демеуді, мысалы, туроператорларға пайызсыз несие беруді, шетелге шыға алмай қалған 5,5 мың саяхатшы қаражатын өтеуді сұрайды. Бірақ бүгінгідей ауыр дағдарысты жағдайда бұл – негізсіз өтініш, оғаш қиғылық. Салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі жағдаймен таныс: «Біз Сыртқы істер министрлігіне хатпен жүгіндік. СІМ әрі қарай құжатты қазақстандық туристер арасында танымал мемлекеттерге дипломатиялық арналармен бағыттауы керек. Құжатта отандық туроператорларға шетелдік серіктестерінің бар қаражатты ешқандай айыппұл салусыз қайтаруына жәрдемдесу туралы өтініш жазылған. Себебі халықаралық туристік нарықтағы жағдайға екі тарап та кінәлі емес. Бұл – форс-мажор», – дейді министр Ақтоты Райымқұлова. Жол картасының іске асырылуын Үкіметтің биылғы 11 наурыздағы өкімімен бекітілген Жедел ден қою штабы үйлестіреді, мониторинг жүргізеді. 90-жылдардағы ауыр жағдайдың қайталанбауы да осы істің үйлесімділігі мен ұтымдылығына тікелей байланысты болмақ.
Айхан ШӘРІП