Емханаларда ашық есік күні

«Әділет» партиясы әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысының барлық аумағында әйелдер сүт безі обырының алдын алу бойынша тексерілуден өтіп, бейінді дәрігерлерден кеңес алу мүмкіндігіне ие болып жатыр.

Емханаларда ашық есік күндері, диагностикалық тексерулер мен кездесулер ұйымдастырылып, мамандар сүт безі обырының алдын алу және ауруды ерте анықтаудың маңыздылығы туралы ақпарат беріп келеді.

Мәселен, Қарғалы аудандық емханасындағы ашық есік күнінде әйелдер онколог-маммолог және акушер-гинеколог мамандардан кеңес алып, тексерілді. Емхана дәрігері, хирург-онколог Әйгерім Ғабибованың айтуынша, әйелдердің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі аса маңызды.

– Кейбір әйелдер отбасы мен күнделікті тірлікті бірінші орынға қойып, өз денсаулығын кейінге қалдырады. Уақытылы скринингтен өту ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеу шараларын ертерек бастауға мүмкіндік береді, – деді маман.

Айта кетейік, қазақстандықтардың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімділігі – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Осыған ұқсас шара Қобда ауданында да көрініс тапты. Партияның аудандық филиалының қызметкерлері аудандық ауруханадағы бастауыш партия ұйымымен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетті. Іс-шара аясында 40-тан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінді.

Ауданда бүгінде 442 мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың 44-іне үй жағдайында медициналық көмек көрсетіледі. Бұл жолы да дәрігерлер тұрғындардың қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тексерді. Сондай-ақ олардың денсаулық жағдайын бақылап, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті.

– «Әділет» партиясының аудандық филиалы осындай қолдау шараларын жалғызбасты қарияларға да тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Ауданда 2 200-ге жуық қария бар, олардың 58-і жалғызбасты. Оларға үйден медициналық көмек көрсетіліп, күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерін шешуге қолдау білдіріп келеміз, – деді партияның Қобда аудандық филиалының басшысы Нұргүл Ибраева.