Мәселен, елордада партияның бастауыш ұйымы жұмыс істейтін «Айгүл Ана» сұлулық салоны тұрғындарға қызмет көрсетті. «Әділет» партиясы Есіл аудандық филиалындағы Әйелдер қанатының қолдауымен мұнда Ашық есік күні ұйымдастырылды. Меймандардың тегін шашын қиып, шеберлік сағаты және психологпен кездесу ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – адамдарға пайдалы қызмет көрсетумен қатар оларға көңіл бөліп, жылы қарым-қатынас орнатып, қолдау білдіру.
Айта кетейік, бұл салонда мұндай көмек тұрақты ұйымдастырылып отырады. Мұнда апта сайын ерекше қажеттілігі бар адамдардың тегін шашын қиып береді. Ал бұл игі іс бір адамның жеке бастамасымен қолға алынды.
– «Әділет» партиясымен бірге осы іс-шараны ұйымдастырып, меймандарға арналған сертификаттар дайындадық. Сонымен қатар әр бейсенбі сайын ерекше қонақтарымыздың шашын тегін қиямыз. Бұл жұмысты алғаш қолға алған кезде жалғыз өзім жұмыс істейтін едім, сондықтан оңай болған жоқ. Ал қазір өзге де шаштараздар келіп, осы бастамаға атсалысқысы келетінін айтып жатыр, – деді кәсіпкер Гүлмира Тәжібаева.
Тегін қызмет көрсетумен қатар қала ішінде жүріп-тұруға қолайлы жағдай жасау мәселесіне де назар аударылды. Салон орналасқан ауданда мүгедектігі бар адамдарға арналған арбаны пайдаланатын азаматтар тұрады. Осыған байланысты аудан әкімдігімен және Көлік басқармасымен бірлесіп, қосымша автобус бағыты іске қосылды. Сондай-ақ аялдамалар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне пандустар орнатылды.
Ал Жамбыл облысында «Жүректен жүрекке» акциясы бірнеше ауданды қамтыды. Байзақ ауданында ерекше қажеттілігі бар адамдарға шаштараз, стоматологиялық клиника және фитнес-орталық қызметтері тегін көрсетілді. Мәселен, партия өкілдері Ақылбек Берікбаевтың тісін емдетуге көмектесті.
– Бейжай қалмай, қолдау көрсеткені үшін «Әділет» партиясының өкілдеріне алғыс айтамын. Осындай көмек арқылы қоғам назарынан тыс қалмағаныңды сезінесің, – деді Ақылбек Берікбаев.
Жамбыл ауданында партияның Әйелдер қанатының өкілдері қолдауға мұқтаж отбасылардың шаңырағына барып, азық-түлік себеттерін табыстады. Өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға қамқорлық көрсету – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келе жатқан әлеуметтік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі. Мұндай отбасыларға қолдау көрсету партия қызметінің де басым бағыты саналады.
Сонымен қатар Талас ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларды ойын-сауық орталығына алып бару жұмысы ұйымдастырылды. Қордай ауданында тұрғындармен кездесу өткізіліп, олардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Ал Меркі ауданындағы оңалту орталығы мен JSM DEMEU орталығында өткен кездесулерде мүгедектігі бар адамдардың құқығы, әлеуметтік қолдау және қолжетімді орта қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да өз мәселесін тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Мұнда «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты түрлі сала мамандарының қатысуымен қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, мамандар кеңесіне 50-ден астам адам жүгінді. Олардың сұрақтарына әлеуметтік қорғау, Білім беру және Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, медициналық- әлеуметтік сараптама мамандары, Отбасы банкінің қызметкерлері, заңгерлер мен сот орындаушылары жауап берді.
Тұрғындар ерекше қажеттілігі бар ата-аналардың балаларына арналған білім беру гранттары мен ҰБТ квоталары, жұмысқа орналасу квоталарын арттыру, күтім көрсететін адамдарға берілетін жәрдемақыларды көбейту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және медициналық көмек алу мәселелері бойынша сұрақтарын қойды.
– Әрбір өтініш тіркеліп, тиісті ұйымдарға жолданады. Біздің міндетіміз – мәселені жай ғана тыңдау емес, оның шешілуіне ықпал ету, – деді «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл бағыт ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Басты мақсат – олардың өз бетінше өмір сүруіне, білім алып, еңбек етуіне және қабілетін толық іске асыруына қолайлы жағдай жасау.
Ербол ТҰРЫМБЕТ