Тұрмыстық қалдық кәдеге жарады

Адам баласы мыңдаған жыл бойы табиғатпен үйлесім тауып өмір сүріп келді. Табиғат байлығын тиімді пайдалануға тырысты.

Алайда бүгінгідей өркениет көші өрге өрістеген заманда қоршаған ортаның қазынасы да сарқыла бастады. Әсіресе бұл электр энергиясы саласында айқын байқалады. Осыған орай әлем ғалымдары жылда баламалы электр көздерін табуға күш салып келеді.

Бұл бағытта Жамбыл облысында да толайым тірліктер атқарылуда. Мәселен, өңірде күн, жел және су арқылы электр энер­гиясын алуға Табиғат-Ананың өзі қолайлы жағдай тудырған. Есесіне, бұл инвесторларды өңірге лек-легімен ағыл­дырып жатыр. Облыстық энерге­ти­ка және тұрғын-үй коммуналдық ша­руа­шылық басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу  аймақта 2010 жыл­дан бері жанданып келеді екен. 

Атап айтсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысандары пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт құ­райтын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 МВт құрайтын 17 нысан және 2024 жылы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысан іске қосылған. Нәтижесінде, қазір облыста жалпы  қуаты 571,3 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны ел игілігіне қызмет ету­де. Олардың 6-уы су электр станция­сы болса, 10-ы жел электр станциясы. Ал та­ғы 6-уы – күн электр станциясы. 

Бұл ретте Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жа­ғы­нан республика көлемінде көш ілгері ке­леді. Кейінгі 5 жылдың өзінде  облыста ірі және кіші қуатты бірнеше жоба жүзеге асқан. Мәселен, 2021 жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі – құны 49 млрд теңгені құрайтын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілсе, қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қой­масындағы су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылды.

Сондай-ақ 2022 жылы Жамбыл ауда­нын­дағы қуаты 50 МВт AEC ASA күн электр станциясы және Талас ауданында жал­пы қуаты 13,5 МВт құрайтын  «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС 3» жел электр станциясы  жобасы­ның құрылысы аяқталды.

Ал 2024 жылы Сарысу ауданындағы жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқ­пар ЖЭС» электр станциясы электр энер­гиясын өндіре бастады. Бұл, әрине, жан­ға жылу беретін жобалар. Өңір бұл ба­ғыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырып, тағы 2 ірі жобаның бойына жан үрлеуде. Атап айтсақ, Мойынқұм ау­данында франциялық Total Eren компаниясының демеушілігімен қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясын салу көзделуде. Жоба толықтай  2028 жылы жү­зеге асады деп күтілуде. Бұдан бөлек,  Са­рысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірлігінің Masdar компаниясы қуаты 1 ГВт-ты құрайтын жел электр станциясы жобасын жандандыруда. Станция 2029 жылы толықтай қуатты күшіне шықпақ.

Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға де-йін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген.  

Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізіледі деп болжануда. 

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, облыс­та тұрмыстық қатты қалдықтарды қай­та өңдеп, одан электр энергиясын алу  жобасы жүзеге асырылуда. For You Energy ЖШС тәулігіне 900 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды өң­деу және 15 МВт-қа дейін электр энер­гия­сын өндіру бойынша 150 миллион долларлық жобаны жандандыруда. Жобаның не­гізгі мақсаты – тұрмыстық қатты қал­дықтар мен полигон қалдықтарын өң­деуге арналған заманауи кешен салу, одан бір мезгілде электр энергиясын өн­діру, тұрмыстық қатты қалдықтар по­лигондарына қоршаған ортаға әсерді азайту және жасыл энергия нысандарын дамыту. Осылайша жаңа электр станциясына облыста жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар, сондай-ақ қолданыс­тағы қатты қалдықтар  шикізат базасы ретінде пайдаланылмақ. Бүгінде аталған электр станциясына аймақтық үйлестіру кеңесінің  шешімімен Тараз индустриалды аймағынан 10,5 гектар жер учаскесі бөлініп отыр. 

Әрине, бұл жобалардың жандануы экологиялық қауіпсіздік қалқанын құ­рып қана қоймай, өңірді сапалы электр­мен жабдықтауға және  «жасыл» энергиямен қам­тамасыз етуге мүмкіндік туғызатыны анық. Ал оның артында ел келешегі тұр­ғаны тағы айқын. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы