Бүгін 5 мыңға жуық жасты ортақ мақсатқа жұмылдырған «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы Ақмола облысындағы Қоянды ауылы маңынан жолға шықты. 13-16 қазан аралығында Астана – Өскемен бағытымен өтетін бастама төрт облыстың 10 ауданы мен 59 ауылын қамтып, 1 800 шақырымға жуық жол бойын тазартуды көздейді. Экологиялық акциямен шектелмейтін бұл сапар аясында қоғамдық қабылдаулар, жастар кездесулері мен спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Тазалық жол жиегінен емес, санадан басталады
Туған жердің тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы ұстанымды негізге алған «Таза Qazaqstan» жалпыұлттық акциясы аясында «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты биыл үшінші жыл қатарынан Road-эстафетасын ұйымдастырып отыр. Биылғы сапардың алғашқы аялдамасы – Ақмола облысының Қоянды ауылы маңындағы кемпинг алаңынан бастау алды.
Эстафетаның ашылу салтанатына «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов және жастар қатысты.
Жиында Ержан Жылқыбаев табиғатқа жанашырлықпен қарау халқымыздың бойына сіңген қасиет екенін айтып, туған жерге қамқорлық таныту күнделікті әрекеттен көрінуі керектігін атап өтті.
– Қоғамдағы өзгеріс әрқайсымыздың ісімізден басталады. Туған жерге қамқорлық таныту күнделікті ісімізден көрінуі керек, – деп атап өтті Ержан Жылқыбаев.
Партия өкілі экологиялық жобаларға жастарды кеңінен тарту, еріктілер қозғалысын дамыту және қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілетінін жеткізді. Ал Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану елдің экологиялық саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл іске мемлекеттік органдармен қатар қоғамның әр мүшесі де үлес қосуы қажет.
Төрт облысты қамтитын ауқымды сапар
Астана – Өскемен бағытындағы эстафета Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағымен өтеді. Төрт күн ішінде жол бойындағы 1 800 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазарту жоспарланған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бастамаға 5 мыңға жуық жас қатысып, 10 аудан мен 59 ауылда түрлі іс-шара өткізеді.
Дегенмен эстафетаның мақсаты жол жиегін тазартумен ғана шектелмек емес. Жоба экологиялық акциялар, ауыл тұрғындарымен кездесулер, Құрылтай депутаттарының қатысуымен қоғамдық қабылдаулар, жастармен пікір алмасу және тарихи-мәдени мұраны вандализмнен қорғау сияқты бес бірдей бағытты біріктірмек. Бұған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар өткізіледі.
«Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов бастаманың жастарды ортақ іске жұмылдырып, экологиялық жауапкершілікті нақты әрекет арқылы көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Таза Қазақстан – жасампаз ұлттың ортақ ісі. Ал тазалық, ең алдымен, сана тазалығынан басталады. «Әділет» жастары үшін туған жердің тазалығын сақтау, табиғи және тарихи-мәдени мұраны қорғау – жай ғана акцияға қатысу емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі», – деді ол.
Қоғамдық қабылдаулар кезінде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, депутаттар мен тиісті сала өкілдеріне ұсыныстарын жеткізе алады. Ал жастар кездесулері жергілікті бастамаларды талқылауға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Баянауыл мен Жидебайда тарихи мұраға назар аударылады
Эстафетаның маңызды бағыттарының бірі – табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қорғау. Павлодар облысындағы Баянауылдың көрікті жерлері – Кемпіртас пен Қоңырәулие аумақтарында «Вандализмге жол жоқ!» акцияларын өткізу жоспарланған. Мұндағы мақсат – бірегей табиғи нысандарды бүлдірмеу мәдениетін қалыптастырып, оларды сақтаудың маңызын түсіндіру.
Абай облысында да тарихи мұраға құрмет көрсетуге басымдық беріледі. Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, Абай мен Шәкәрім кесенелері маңын күтіп ұстауға үлес қосу көзделген. Сонымен қатар Қарауыл ауданындағы Орталық саябақта ағаш отырғызу және экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тарихи орындарды ретке келтіру ғана емес, жас ұрпақтың ұлттық мұраға құрметін арттырып, табиғи байлыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Экология мен спорт бір арнада
«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасының тағы бір бағыты – «Чемпиондық рух» жобасы аясындағы спорттық іс-шаралар. Олар жастарды салауатты өмір салтына баулып, командалық рухты нығайтуға бағытталған.
Осылайша, бір бағытта жол бойындағы қоқыс жиналып, екінші бағытта ауыл тұрғындарының мәселелері тыңдалады, ал спорттық және ағартушылық кездесулер жастардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба қоршаған ортаны қорғауды қоғамдық өмірдің басқа салаларымен ұштастырып отыр.
Үш жылда 300 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге жіберілген
«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы алғаш рет 2024 жылы ұйымдастырылды. Сол жылы Астана – Алматы бағыты бойынша жол бойындағы 1 200 шақырымға жуық аумақ тазартылды. 2025 жылы эстафета Алматы, Жамбыл және Шымкент қалаларын, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыстарын қамтып, тағы 1 200 шақырымға жуық жол бойын тазартуға бағытталды.
Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, алғашқы екі жылда шамамен 2 500 шақырым жол қамтылып, 300 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге жіберілген. Биыл үшінші жыл қатарынан қолға алынған бастама географиясын кеңейтіп, Астана – Өскемен бағытына ойысты. Бұл жолы ұйымдастырушылар экологиялық жұмыстармен қатар, ауылдардағы қоғамдық диалогты дамытуға, тарихи орындарды қорғауға және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға мән беріп отыр.
Қояндыдан басталған сапардың алдында Ержан Жылқыбаев жастарға жол қауіпсіздігін сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп, барған жерлерінде пайдалы істер атқаруды тапсырды.
Расында, табиғатты қорғау бір күндік акциямен шектелмеуі керек. Қоқысты белгіленген орынға тастау, тарихи нысандарды бүлдірмеу, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау – күнделікті дағдыға айналғанда ғана қоршаған ортаның жағдайы өзгереді. Ал мыңдаған жасты ортақ іске жұмылдырған эстафета осы жауапкершілікті нақты әрекетпен көрсетуге мүмкіндік береді.
Төрт облысты жалғайтын бұл сапардың нәтижесі тазартылған шақырымдармен ғана өлшенбейді. Оның маңызы – туған жерге жанашырлықты сөзден іске айналдырып, табиғатты қорғауды ортақ міндет ретінде орнықтыруында болса керек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.