Көлік полицейлері есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Polisia.kz-тің дерегінше, жедел іздестіру нәтижесінде 25 пен 40 жас аралығындағы бес күдікті анықталып, ұсталды.
Топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор ретінде интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны ілгерілетумен айналысқан. Ал 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орап, жасырын орындарға орналастыруға жауапты болған. Топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартқан. Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен 2 мың жасырын орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан.
Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталды. Жедел шаралар барысында полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп танып, топ ұйымдастырушысын 17 жылға, қалған төрт қатысушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
Есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін заңнамада ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік көзделген.