Актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында әйелдердің өмірі туралы пікірін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтуынша, әйел адам көп жағдайда өзгелер үшін өмір сүріп, өзін ұмытып кетіп жатады. Алайда бұл өзіне зиян болуы мүмкін. Өйткені әйел рухани тұрғыда дамып, өзімен үйлесімді өмір сүргенде, отбасының берекесі артады.
«Өмірде бәріне ыңғайлы, өзінің жанына не керегін білмей өмір сүретін қыз-келіншектер қаншама. Өзінің өмірін күйеуі, бала-шаға, туған-туыс, бауырлары, ата-анасы үшін сүріп, өзі жоқ болып кеткен. «Маған да бір қарашы, көңіл бөлші, менің де қалауымды жасашы» деп жаны шырқырайтын кез қырықтан асқанда болады. Оған дейін жастықпен көп нәрсе білінбеуі мүмкін. Өзіңнің жан дүниеңмен таныс болмауың мүмкін. Бірақ жасы қырықтан асқанда адамның жаны шырқырай бастайды. Мен де сондай адамның бірі болдым. Өзіңді таңдамау. Бәріне ыңғайлы адам болып, өзіңді ұмытып кету. Бұл – өте қате нәрсе. Коуч болып, біреуді үгіттейін деп жатқан жоқпын. Дұрыс түсініңіздер. Бақытты отбасы, адал жар, керемет ене, келін болып, сырт көзге рөл ойнап жүрген отбасы жетерлік. Бұл сіздің ішкі жан дүниеңізбен үйлеспесе, қиын болады. Отбасыңызда береке болу үшін, сіздің жан дүниеңізде үйлесім болуы керек», - дейді актриса.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.