«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты «Әйел өмірі үшін» республикалық ақпараттандыру айлығы аясында Атырау қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарында кездесулер өткізді. Басқосуларға 300-ге жуық студент пен оқу орнының қызметкері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алғашқы кездесу С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде өтті. Университет ұжымы мен 100-ге жуық студент сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, ауруды ерте анықтау және скринингтен уақытылы өтудің маңызы туралы ақпарат алды. Мамандар тексерілу тәртібін түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айгүл Әмірғалиева, облыстық онкологиялық диспансердің директоры Эльмира Сапарова, Әйелдер қанатының мүшесі Майра Қашкенова және университет ректоры Гүлзада Шакуликова қатысты.
– Күнделікті тірліктің қарбаласында өз денсаулығымызды кейінге ысырып қоямыз. Ал уақытылы тексерілу ауруды ерте анықтап, маманнан қажетті кеңес алуға мүмкіндік береді. Сондықтан әр әйел денсаулығына бейжай қарамай, скринингтен өтуге уақыт тапқаны жөн, - деді Айгүл Әмірғалиева.
Облыстың бас онколог-дәрігері Эльмира Сапарова Атырау облысында сүт безі қатерлі ісігі диагнозымен 800-ден астам әйел есепте тұрғанын айтты. Сонымен қатар бұл дерт ер адамдарда да кездесетінін жеткізді.
– Сүт безі қатерлі ісігі тек әйелдерде ғана емес, ер адамдарда да кездеседі. Сондықтан денсаулыққа бейжай қарамай, күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу маңызды,- деді Эльмира Сапарова.
Мұндай кездесу С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде де өтті. Колледждегі 200-ге жуық қызметкер мен студенттің басын қосқан іс-шараға О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің студенттері де қатысты. Жиында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу, скринингтен өту және ауруды ерте анықтау мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Атырау облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Әйелдер қанатының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу бағытының жетекшісі Айжан Сәрсембаева, Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің дәрігер-маммологы Алтыншаш Дюсеналиева және «Almas Semser» ЖШС-нің құрылтайшысы, «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Гүлжан Мұхатаева қатысты. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тексерілудің маңызын жан-жақты түсіндірді.
«Әйел өмірі үшін» ақпараттандыру айлығын «Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Онколог-маммологтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Айлық аясында аурудың алдын алу, скринингтен өту және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау жолдары түсіндіріледі. Осындай кездесулер Атырау қаласындағы оқу орындарында жалғасып жатыр.