Бестөбеде тағы да қайғылы оқиға: шахта опырылып, тағы бір адамның өмірін қиды

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға заңсыз алтын іздеушілер тап болған. 

Ақмола облысындағы Бестөбе кентінде орналасқан «Новая» шахтасында тау жыныстары опырылып құлап, 41 жастағы ер адам қаза тапты. Тағы бір азамат жарақат алған. Шахтадағы кезекті қайғылы оқиға түйткілдің іс жүзінде тамыры тереңге кеткенін аңғартады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Бестөбе шахтасынан тағы да қаралы хабар жетті. «Новая» шахтасының 295-горизонтында тау жыныстары опырылып, оның астында қалған 41 жастағы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Ал тағы бір жас жігіт басынан жарақат алып, денесін жарақаттанған. Дегенмен ол аман қалды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға заңсыз алтын іздеушілер тап болған. Жерастындағы қауіпті жағдайда жұмыс істеген ер адамдардың бірі үшін бұл сапар соңғысы болды. Қайғылы жағдайдың нақты себептері әзірге белгісіз. Полиция аталған іс бойынша тергеу жұмыстарының басталғанын хабарлады. 

– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтауда, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Ақмола облысының аталған елді мекеніндегі шахталарда бұған дейін де заңсыз алтын іздеушілердің өмірін қиған оқиғалар тіркелгенін хабарлағанбыз. Жерастына рұқсатсыз түсу, тау жыныстарының опырылу қаупі және төтенше жағдайда көмекке қол жеткізудің қиын болғанымен, алтын үшін басын бәйгеге тіккен адамдар көбейіп барады. Еске сала кетсек, өткен жылы ғана елімізде заңсыз шахталарға қатысты 800-ден астам құқықбұзушылық фактісі анықталған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталған соң қосымша ақпарат жариялануы мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы