Бірлескен жобалардың бағыты айқындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан – Бе­ль­гия іскерлік кеңесінің төртінші оты­ры­сы­на қатысты.

Мемлекет басшысы әуелі Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші оты­рысында Король Филипп пен Пат­шайым Матильдаға ілтипат біл­дірді. Пре­­зидент мәртебелі меймандар­дың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екі­жақты серіктестікті жаңа әрі са­па­лы дең­гейге шығаруға деген ортақ ұм­ты­­лыс­ты көрсететінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қа­зақ­­стан экономикасындағы 10 ірі ин­вес­­тордың қатарына кіретінін айтты. Соң­ғы жиырма жылда бельгиялық ком­па­ниялар экономикамызға 15 миллиард дол­лардан астам қаржы құйған.

– Елімізде агроөнеркәсіп кешені, ден­саулық сақтау, фармацевтика, озық тех­­нологиялар мен энергетика сала­ларын­да 100-ден астам бельгиялық және бір­лескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты жетекші бель­гиялық компаниялар бар. Екіжақты сау­да көлемінің өсіп келе жатқаны қуан­тады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-сат­тық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қа­тар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ға­на халықтарымыздың қалауына қол жет­кізетінімізге сенімдімін. Қазақстан Бель­гияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент екіжақты сауда-эко­но­ми­калық байланыстарды кеңейтуге Король Филипптің айрықша үлес қосқанына тоқ­талды.

– Сіз 16 жыл бұрын Қазақстанға сау­да миссиясын бастап келдіңіз. Бұл қадам ел­деріміздің іскер топтары арасындағы ұзақмерзімді ықпалдастыққа берік негіз қа­лады. Сіздің Бельгия бизнесіне көр­се­тіп келе жатқан қолдауыңыз серіктес­ті­гімізді ілгерілетуге зор ықпал етті. Де­­генмен ынтымақтастықты одан әрі жан­дандыруға әлеуетіміз жеткілікті, – де­ді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін­ше, көлік-логистика қарым-қатынасты ны­ғайтатын негізгі бағыттардың бірі са­­налады. Президент Қазақстан темір­жол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқым­ды инвестиция құйып жатқанын мәлім­де­ді.

– Осы орайда Еуропадағы ірі логис­ти­калық орталықтың бірі ретінде Бель­гия­ның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен – Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порт­тары арасында нәтижелі серіктестік ор­найтынына сенімдіміз. Бұл Қазақ­стан­ның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен на­рыққа шығаруға мүмкіндік береді, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрлық экономиканың маңызы зор

Мемлекет басшысы жасанды интел­лект пен технологиялық индустрияны да­мыту өзара серіктестіктің негізгі ба­сымдығы екенін айтты.

– Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана оты­рып, Alem.AI, Alatau City секілді ірі бас­тамаларды жедел іске асырамыз. Өнер­кәсіптің озық салалары аталған орта­лық­тарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу сала­сын­да позициясы мықты. Осы артық­шы­лықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға бо­лады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ын­тымақтастық перспективасына баса на­зар аударды.

– Қазақстан еуропалық нарыққа тұ­рақты түрде мұнай жеткізеді. Сонымен қа­тар жаңартылатын қуат көздері, энер­гия тиімділігін арттыру, өнеркәсіпті де­карбонизациялау және сутегі өндірісі са­лаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бельгия компанияларын ши­­­­­кізатты терең өңдеу, химия өнеркәсібі және қосылған құны жоғары полимер өнімдерін шығару бағыттарында бір­лескен жобаларды іске асыруға шақыра­мын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасыл энергетикаға көшу және цифрлық экономиканы дамыту аса маңызды минералдар саласындағы өн­дірістік кооперация мүмкіндіктеріне жол ашатынына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің мемлекеттік сапары аясында аса маңызды минералдар бойынша Қазақстан – Бельгия дөңгелек үстелі ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Еліміз Еуропа өнеркәсібі үшін ауа­дай қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өн­діреді. Сонымен қатар Бельгияға титан мен молибден өнімдерін тасымалдайды. Біздің ресурс әлеуетіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен бі­лім-білігін ұштастыра отырып, осы өте маңызды салада стратегиялық серік­тес­тік құра аламыз. Бүгінгі іс-шараның нә­тижесі нақты инвестициялық және технологиялық жобаларға ұласады деп үміттенемін. Мақсатымыз – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, қосылған құны жоғары тауар шығару. John Cockerill және Qarmet компаниялары мы­рышталған болат пен қорғаныш жабын­да­рын өндіру бойынша серіктестікті жол­ға қоймақ. Бельгиялық әріптестердің гео­логиялық барлау, шикізат және ме­талл өңдеу жобаларына қатысуын құп­тай­мыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өнімділікті арттыруға, ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін қайта өңдеуге, сондай-ақ су және жер ресурстарын тиімді пайда­лану­ға баса мән беретінін айтты. Бұдан бө­лек, Президент медицина мен фар­мацев­тика салаларындағы серіктестікті нығайтудың маңызына назар аударды.

– Біз IBA компаниясымен ынты­мақ­тастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арт­тырады. Сала мамандарын даярлауға жә­не клиникалық зерттеулер жүргізуге қ­атысты бірлескен бағдарлама онколо­гия­лық ауруларды емдеудің озық тәсіл­дері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгияның фарма­цев­тикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қа­зақстан өз азаматтарымен бірге жұмыс істей алатын озық ойлы әрі іскер тұлға­ларды тартуға мүдделі екенін айтты.

– Мұндай мамандар елімізге неғұр­лым көп келсе, соғұрлым баршамызға пай­далы болар еді. Өйткені осы арқылы адам­дар арасындағы қарым-қатынас жақ­сарып, кәсіби байланыс жандана тү­се­ді. Халқымыз осындай аралас-құра­ластықты бағалайды. Қазақстан Пре­зиденті ретінде мен үшін елімізге келетін азаматтардың шыққан тегі емес, ең ал­дымен, қарым-қабілеті мен ақыл-ойы маңызды, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы ин­вес­тициялық климатты жақсарту, заң­на­маны жетілдіру, адал бәсекені қорғау жә­не инвесторлармен тікелей диалог өр­біту бойынша қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.

– Халықаралық зерттеу және рейтинг агенттіктерінің бағалауына сәйкес, жуық­та Қазақстан әлемнің ең ықпалды ел­дерінің арасында 34-орынға тұрақ­та­ды. Макроэкономикалық көрсеткіш­тер­ге зер салсақ, еліміз көптеген салада, атап айтқанда, әлеуметтік қорғау, инно­ва­циялық саясат, цифрландыру, ЖИ-ді да­мыту, сыртқы саясат, ғылым және бі­лім, заң үстемдігі қағидатын орнықтыру, қор­ш­аған ортаны аялау, экологиялық мә­дениетті ілгерілету, волонтерлік қоз­ғалысты қолдау, ең маңыздысы, адам­ның құқығы мен бостандығын қорғауда елеулі прогреске қол жеткізді. Бұл қағи­даттардың барлығы Конституцияда бе­кітілген. Азаматтар, Президент ретінде мен де оны мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Біз­дің ұранымыз – «Бірлігіміз – әра­луандықта!». Аталған қағидатқа сүйене оты­рып, елдегі тұрақтылық пен бей­біт­шілікті сақтауға бар күшімізді саламыз. Осы­лайша, барлық шетелдік, соның ішін­де Бельгия компанияларына қолай­лы әрі ашық іскерлік климат қалыптас­тыр­дық, – деді Президент.

Байланыстарды нығайтудың алғышарты

Король Филипп Брюссельде және Астанада Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қа­жетті алғышарттардың барлығы бар екенін атап өтті.

– Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл ат­қарады. Сондай-ақ технология, инно­ва­ция, таза энергетика, логистика және ха­лықаралық сауда саласында айтар­лық­тай тәжірибеге ие. Ал Қазақстан еура­зия­лық кеңістіктің маңызды аумағы са­на­лады. Географиялық тұрғыдан оң­тай­лы орналасуының және мол табиғи ре­сурстарының арқасында Қазақстан әлем экономикасында ерекше орны бар аймақтық сауда, инвестиция және жа­сыл экономиканы дамыту орталығына айналды. Мұның бәрі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шынайы негіз бола­ды, – деді ол.

Бельгиялықтар Королі екі елдің биз­нес өкілдерін энергетика, аса маңызды ми­­нералдар, көлік-логистика, қаржы жә­­не туризм сияқты перспективті сала­лар­­да ықпалдастықты жандандыруға ша­қырды.

– Бельгия мен Қазақстанның арасы географиялық жағынан алшақ болға­ны­мен, мақсат-мұраттарымыз, амал-әре­кет­теріміз және табандылығымыз тұр­ғы­сынан өте жақын елдерміз, – деді Король Филипп.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы мен құрметті қонақтар Alem.AI халықара­лық жасанды интеллект орталығын ара­лады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­қ­а, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Пат­шайым Матильдаға музей экспо­зиция­сы, роботты техника аймағы және ЖИ-ки­нотеатр мүмкіндіктері таныс­тырыл­ды.

Құрметті қонақтарға Alem.AI орта­лы­ғын дамытудың ұзақмерзімді страте­гия­сы, TUMO Astana білім беру бағдар­ла­масы, сондай-ақ Қазақстан – Бельгия бір­лескен жасанды интеллект және ма­тематика зертханасының жұмысы тура­лы мәлімет берілді. Зертханада NeuroLearn (ЖИ, нейроғылым мен бейімдеп оқыту салаларындағы зерттеулер) және ParkScreen (Паркинсон ауруын алдын ала анықтайтын ЖИ скрининг әдістері) секілді бастамалар қолға алынған.

Іс-шара барысында Гент универси­теті­нің атынан Қазақстанның талантты оқушылары мен студенттеріне телескоп та­бысталды. Телескопта Нобель сыйлы­ғы­ның физика саласы бойынша лау­реат­тары Франсуа Энглердің, Герард ’т Хоофт­тың және Мишель Майордың, сон­дай-ақ бельгиялық астронавт Франк Де Винненің қолтаңбасы бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Король Филипп және Патшайым Ма­тиль­да Ректорлар форумына қатысты. Alem.AI халықаралық орталығында Қа­зақстан мен Бельгия жоғары оқу орын­дары жетекшілері бас қосқан іс-шара өтті. «Білім беру мен ғылыми зерттеулерге жа­санды интеллектінің әсері» тақы­ры­бын арқау еткен жиын интерактивті пі­кір­талас форматында ұйымдастырыл­ды.

Пікірталасқа қатысушылар жасанды интеллект технологиялары жоғары білім мен заманауи ғылым саласына қандай өз­геріс әкелетінін егжей-тегжейлі тал­қылады. Атап айтқанда, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық хаб, сондай-ақ білім беру, зерттеулер және инновациялар бағытындағы ынты­мақ­тастыққа арналған стратегиялық алаң ретіндегі рөлі қарастырылды.

Академиялық, сондай-ақ білім беру ортасында жасанды интеллект пен оқу ма­шинасын пайдалануға, оқу және оқы­ту үдерістеріндегі жаңа техноло­гия­ның ықпалына баса назар аударылды. Форум аясында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары серіктестігін кеңейту, бір­лес­кен білім беру әрі зерттеу бастама­ларын іске қосу, академиялық ұтқыр­лық­ты дамыту және жоғары мектептегі цифрлық трансформация салаларында тәжірибе алмасу мәселелері пысықтал­ды. Іс-шара қорытындысы бойынша екі ел университеттері арасында бір­қатар келі­сім мен меморандумға қол қойылды.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ