Жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласында жастардың құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармаларының қызметкерлері, сондай-ақ департамент жанындағы облыстық профилактикалық кеңестің мүшелері қатысты.
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған іс-шараға қаладағы мектеп оқушылары мен жастардан құралған 600 адам қатысты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен кездесуде жастарды қолдау, адами капиталды дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанатының қызметі таныстырылып, жас буынға арналған жобалар мен бастамалар жөнінде ақпарат берілді.
Заң саласы мамандары жастарға есірткі қылмысының алдын алу, киберқауіпсіздік, топтық төбелестің жолын кесу, адам саудасынан сақтану, лудоманияның зардаптары және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау мен заң талаптарын орындаудың маңызын атап өтті.
Негізінен жастардың құқықтық сауатын арттыру, азаматтық жауапкершілігін нығайту және қауіпсіз орта қалыптастыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі саналады. Осындай кездесулер арқылы жас буынның заң талаптарын түсінуіне және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауына оң ықпал ету көзделген.
Ашық диалог форматында ұйымдастырылған кездесуде жастар сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.