Жол мәселесі бақылауға алынды

«Әділет» партиясы Орал қаласындағы Дархан көшесіне асфальт төсеу мәселесін шешуге атсалысуда. Бірнеше жылдан бері жолдың жөнделуін күткен тұрғындардың өтініші бойынша партия өкілдері жауапты мемлекеттік органдармен кездесу өткізіп, жұмыстың кешеуілдеу себептерін анықтады. Мәселе партияның бақылауына алынды.

Орал қаласындағы Дархан көшесінің тұрғындары жолға асфальт төсеу жұмысы тоқтап тұрғанын айтып, «Әділет» партия­сының облыстық филиалына жүгінді.

«2022 жылдан бері көшеге асфальт төсеу, тротуар салу және жарықтандыру мәселесін көтеріп келеміз. Тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгіндік. Әуелде жобалық-сметалық құжаттама жоқ делінсе, кейін оның дайын екені хабарланды. Ал­ай­да жол құрылысы әлі басталған жоқ. Нақты мерзімі де белгісіз. Мәселе жылдан-жылға кейінге шегеріліп келеді. Дайын жобаның жүзеге аспай, жарамдылық мерзімі аяқталып кете ме деп алаңдаймыз», – деді көше тұрғыны Нұртай Қасымов.

Мәселенің мән-жайын анықтау және оны шешу жолын қарастыру мақсатында партия өкілдері тұрғындармен кездесті. Оны партиялық бақылау комитеті ұйым­дастырды. Кездесуге «Әділет» партиясы Орал қалалық филиалының төрағасы Архат Исламғалиев, партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалындағы партиялық бақылау комитетінің инспекторы Қуаныш Шарафутдин және Орал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен тұрғындар қатысты.

Кездесуде белгілі болғандай, Дархан көшесіне асфальт төсеу үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде мердігер ұйым анықталған. Алайда жоспарланған жұмыс әлі жүзеге аспаған.

«Мердігер өз міндеттемесін орындама­ғандықтан, келісімшартты бұзу және қайта конкурс жариялау жұмысы жүргізілуде. Жаңа мердігер анықталғаннан кейін жол құрылысы басталады. Дегенмен жұмыстың басталу мерзімі ауа райына да байланысты. Басты мақсат – жолдың сапалы әрі талапқа сай салынуын қамтамасыз ету», – деді «Әділет» партиясы Орал қалалық филиа­лының төрағасы Архат Исламғалиев.

Оның айтуынша, жоспарға сәйкес, Дархан көшесіне асфальт төсеу жұмысы 2027 жылы көктемде басталады деп күтілуде. Сонымен қатар тұрғындарға мәселені шешудің алдағы жоспары түсіндірілді. Партиялық бақылау инспекторы аталған мәселені тұрақты назарда ұстап, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жүргізу арқылы жоспарланған жұмыстың уақытылы басталуы мен орындалуына мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

Тілек ҚАБЫЛ