Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскелі баспана мәселесі әлеуметтік саясаттың негізгі бағытына айналды. 2019 жылдан бастап құрылыс қарқынын үдету, тиімді несиелеу жолдарын табу, осал топтарды қолдау мақсатында кешенді қадамдар жасалды. Әсіресе көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жас мамандар мемлекет назарынан тыс қалған жоқ.
Президент 2019 жылғы Жолдауында Үкіметке бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған. Содан бері құрылыс қарқыны артты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы республика бойынша 19,1 млн шаршы метр пайдалануға берілген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 20,1 млн шаршы метрге жеткен. Оның 13,52 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, 6,42 млн шаршы метрі жекеменшік жер үйлерге тиесілі. Құрылыс көлемі жағынан ірі қалалар көш басында тұр. Былтыр Астанада 4,81 млн, Алматыда 2,61 млн, Шымкентте 1,38 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне ұсынылды. Өңірлерде де оң өзгеріс байқалады: Жетісу облысында статистика 11 пайыз, Алматы облысында 10,2 пайыз, Қарағанды облысында 9 пайыз өскен. Биыл да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мысалы, қаңтар-тамыз айларында 11,33 млн шаршы метр аудан бой көтерді. Мұның өзі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,6 пайыз жоғары.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты халықтың қаржылық құралдарын қатар дамытты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үй алқаптарына су, электр, жылу, кәріз желілері тартылды, сондай-ақ кредиттік және жалдамалы баспана салу тетіктері қалыптасты. «Отбасы банк» млн-даған адамның баспанаға қаржы құйып, қарыз алуына қарайласып жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы, мүгедектігі бар бала өсіріп отырған, толық емес отбасыларға мүмкіндік сыйласа, «7-20-25» бағдарламасы азаматтардың бастапқы баспанаға қол жеткізуін көздеді. Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану құқығы да халықтың тұрмысын түзеуге септігін тигізді. Президент 2021 жылғы Жолдауында бұл бастаманың нәтижесіне ерекше тоқталды. Үлескерлердің ақшасын алаяқтықтан қорғау үшін «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» тарапынан кепілдік беру тетігі бекітілді.
Тұрғын үй құрылысының дамуы тек бір саламен шектелмейді. Жаңа ТК-лар салынғанда құрылыс материалдарына, логистикаға, инженерлік жұмыстарға, жиһаз-мүлікке, құрал-жабдыққа сұраныс артады. Жаңа мөлтек аудандарға су, электр, жылу желілері, жолдар, әлеуметтік нысандар қажет болады. Өз кезегінде бұл экономиканың тамырына қайтадан қан жүгіртеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 448 млн шаршы метрге жуықтаған. Жан басына шаққанда баспанамен қамту көрсеткіші 25,1 шаршы метрді (қалада – 27,4, ауылда – 21,3 шаршы метр) құраған. Ендігі міндет – осы қарқыннан айырылмай, жан-жақты қолдау шараларын әлі де жалғастыру.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ