Ұлттық ұланның кинология орталығында алғаш рет кинолог қыз қызметке кірісті

Қатардағы Аружан Жүнісова ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде қызмет етеді. Ол ведомство тарихындағы алғашқы кинолог қыз атанды.

Қазір әскери қызметші жаңа мамандықты меңгеріп, орыс аңшы спаниелі тұқымына жататын қызметтік итті есірткі заттарын іздеуге үйретіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ұлттық ұланда бұл тұқымдағы ит алғаш рет арнайы дайындықтан өтуде. Осылайша, Аружан кинология қызметінде бірден екі тың бастаманың басы-қасында жүр.

Аружан бала кезінен жануарларға әуес. Ол көшеде қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды үйіне жиі әкеліп, оларға қамқорлық танытатын. Бала күнінен бойына сіңген мейірімділігі мен өзгелерге көмектесуге деген ықыласы оның өмірлік ұстанымына айналды.

Мектеп бітіргеннен кейін ұландық Алматы қаласындағы медициналық колледжді тәмамдап, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеді.

Алайда әскери қызметші болу арманы оның көкейінен кетпеген. Ұлттық ұланға әйел кинологтарды қабылдау басталғанын естігенде, Аружан жаңа мамандықты игеруге бел буды.

Бүгінде әскери қызметшінің басты серігі – Чарли есімді үш айлық спаниель. Кинолог қыз күн сайын оны тамақтандырып, денсаулығын тексеріп, жаттықтырады. Оның айтуынша, спаниельдердің шағын дене бітімі мен ширақ қимылы тар жерлерді тінтуде таптырмас көмекші.

Аружан үшін бұл жағдай әскери қызмет туралы арманын жүзеге асырып, жануарлармен жұмыс істеуге деген қызығушылығын кәсіби қызметімен ұштастыруға мүмкіндік берді. Ал Ұлттық ұлан үшін кинолог қыз қызметтік иттерді даярлау ісінде жаңа тәжірибеге жол ашты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.