Ақмола облысында кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы ауысты

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өкімімен Әли Әлиев кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жаңа басшының еңбек жолында кәсіпкерлікті дамыту, ұлттық палата құрылымындағы қызмет және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядағы басқарушылық тәжірибе бар, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Әли Әлиев 1991 жылғы 16 сәуірде Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Ол 2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, ал 2024 жылы Мәскеу заңтану институтын тәмамдаған. Білімі бойынша «Жаратылыстану» және «Экономика» мамандықтарын меңгерген.

Еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласындағы «СпецТрейд ТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде коммерциялық директор қызметінен бастаған.

2016–2017 жылдары Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Атамекен» кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту қорының директоры болды. Одан кейін, 2017–2020 жылдары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақмола облысы бойынша директорының орынбасары қызметін атқарған.

2020–2023 жылдары «СпецТрейд ТМ» ЖШС директорының кеңесшісі болып жұмыс істесе, 2023–2024 жылдары «Azia-Tech» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры қызметін атқарды. Ал 2024-2026 жылдары «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары болды.

Осылайша, кәсіпкерлік саласында, жеке секторда және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жүйесінде тәжірибе жинақтаған Әли Әлиев енді Ақмола облысының кәсіпкерлік пен өнеркәсіп бағытындағы жұмысына жетекшілік етпек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы