Интернетте inDrive, Kinopark және Lucem тұтынушыларының деректер базасы тарады ма?

Қазнетте жеке мәліметтердің таралуы ықтимал екені туралы хабарланды.

Қазақстандықтардың жеке деректерінің ірі көлемде таралуы мүмкін екені белгілі болды. Egov.press Telegram-арнасы Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтеріне қатысты тағы бір ықтимал ірі деректердің таралуы туралы хабарлады.

Арна редакциясының қолына inDrive сервисі, Kinopark кинотеатрлар желісі және Lucem Medical Clinic медициналық орталығы клиенттерінің деректер базасы таралған болуы мүмкін екенін көрсететін дәлелдер түскен.

Таралуы мүмкін деректер арасында қазақстандықтардың аты-жөні, туған күндері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, қызметтерге жұмсалған қаражат  туралы ақпарат, кино сеанстарға қатысты мәліметтер және жоспарланған медициналық тексерулер туралы деректер бар екені айтылуда.

Осы жағдайға байланысты Aikyn.kz редакциясы ақпараттың рас-өтірігін растау және оқиғаға құқықтық баға беру үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне жүгінді.