Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қатардың Power International Holding (PIH) компаниясының басшылары Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаятпен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесу барысында газ өңдеу және телекоммуникация салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, PIH холдингі энергетика саласындағы бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысады.
Газ өңдеу саласында Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр болатын екі газ өңдеу зауытын салу көзделген. Бүгінде қуаты 1 млрд текше метр болатын ГӨЗ-де құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, негізгі жабдықты жеткізу іс жүзінде аяқталды. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған. Қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын екінші ГӨЗ-ді салу жобасы бойынша жүзеге асырудың негізгі кезеңіне дайындық жүргізілуде, EPC-мердігер анықталды. Жобаны аяқтау 2030 жылға жоспарланған.
Газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту шеңберінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобалау және жабдықтар мен материалдарды жеткізу жұмыстары жалғасуда. Бірінші кезең 2027 жылға, екінші кезең 2029 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ телекоммуникация саласындағы өзара іс-қимыл және осы бағыттағы одан арғы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Премьер-министр нысандарды уақтылы пайдалануға беру үшін жоғарыда аталған барлық жобалар бойынша бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Қазақстан Үкіметі туындайтын мәселелерді жедел шешуге қажетті жәрдем көрсетеді.
Өз кезегінде, холдингі басшылары өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделілігін растап, барлық уағдаластықтарды орындау үшін қажетті күш-жігер жұмсауға ниетті екендерін білдірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.