Бестөбеде алтын іздеген тағы бір адам қаза тапты

Осылайша, Бестөбедегі заңсыз алтын іздеу мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты.

Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахталарда қайғылы оқиғалар тізбегі толастар емес. 14 қазанда ер адамның мәйіті табылса, бүгін тағы бір алтын іздеушінің қаза тапқаны белгілі болды. Жыл басынан бері заңсыз алтын іздеуге байланысты 322 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тоғыз адам көз жұмған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Бестөбеден тағы да қаралы хабар жетті. Кент аумағындағы шахталарда қатарынан бірнеше күн қайғылы оқиғалар тіркеліп, адам өмірі қиылды. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 14 және 15 қазанда шахталардың бірінің аумағынан екі ер адамның денесі табылған. Алдын ала дерек бойынша, марқұмдар кеніш аумағына заңсыз кірген.

Бүгін, 15 қазанда, тағы бір старательдің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Осылайша, Бестөбедегі заңсыз алтын іздеу мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты.

– Қазіргі уақытта полиция екі ер адамның өліміне қатысты қылмыстық істер қозғап, оқиғалардың мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, – деді Ақмола облысы олиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Бүгін қаза тапқан заңсыз алтын іздеушіге қатысты жағдайдың нақты мән-жайы әзірге белгісіз. Сондай-ақ бұл оқиғалардың өзара байланысы ресми түрде нақтыланбаған.

Бестөбе шахталарындағы қайғылы жағдайлар мұнымен шектелмейді. Кеше ғана «Новая» шахтасының 295-горизонтында тау жыныстары опырылып, 41 жастағы ер адам қаза тапқаны туралы хабарлаған едік. Тағы бір азамат ауыр жарақат алған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқиғаға да заңсыз алтын іздеушілер тап болған.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 506-бабы бойынша 322 адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар заңсыз алтын іздеуге байланысты оқиғалар салдарынан тоғыз адамның қаза тапқаны хабарланды.

Жерасты кеніштеріне рұқсатсыз кіру, тау жыныстарының опырылу қаупі және төтенше жағдайда көмекке қол жеткізудің қиындығы адам өміріне тікелей қатер төндіреді. Соған қарамастан, заңсыз алтын іздеу әрекеттері ауыр зардаптарға әкеліп отыр. Бестөбедегі соңғы оқиғалар бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін тағы көрсетті. Қазір қайғылы жағдайлардың себептері анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат жариялануы мүмкін.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы