Жангелдин трагедиясы: Ақбаян Мұқанғалиева қалыпты өмірге қайта бейімделіп жүр

Басынан өткен ауыр жағдайға қарамастан, Ақбаян балаларын көруге барып тұрады. 

Ата-анасы және бауырларынан ауыр жағдайда көз жазып қалған Ақбаян Мұқанғалиева қайғылы оқиғадан кейін біртіндеп қалыпты өмірге бейімделіп келеді. Ол әлі күнге дейін ата-анасы мен бауырларына қатысты қанды қылмыс туралы естімеген. Ақбаянды қамқорлығына алған туыстарының айтуынша, дәрігерлер ауыр жаңалық туралы естіртпеуге кеңес берген. Қазіргі уақытта Ақбаян күнделікті дағдыларын қайта меңгеріп, өмір сүруге бейімделіп келеді. Оған туыстарымен бірге, әлеуметтік қызметкерлер көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазіргі уақытта Ақбаян қайтадан жазуды үйреніп, тігін тігуді меңгеруде. Сонымен қатар сурет салуға машықтанып, үстел теннисін ойнауды да үйреніп жүр. Мамандар оның тұрмыстық дағдыларын қалпына келтіріп, өз бетінше әрекет етуіне қолдау көрсетуде.

Басынан өткен ауыр жағдайға қарамастан, Ақбаян балаларын көруге барып тұрады. Сонымен бірге жаңа дағдыларды меңгеріп, күнделікті өмірге қайта бейімделу жолында шағын болса да маңызды қадамдар жасап келеді.

Баян Жанұзақова