Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді

Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жатқанын мәлімдеп, өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтып, саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазақстан Президенті Әзербайжан Кеңеске төрағалық еткен кезеңде нақты бастамаларды ілгерілетуге және Ұйымның халықаралық беделін күшейтуге сүбелі үлес қосқанына назар аударды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірдегі бірегей жоба – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңызына тоқталды. Теңіз табанымен жүргізілген желі екі елдің цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліздің пайда болуына ықпал етеді. Осылайша, тұтас өңір тың мүмкіндіктерге қол жеткізеді.

Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жатқанын мәлімдеп, өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдау ауқымын ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық нығайып, білім беру, туризм салаларындағы әріптестік кеңейе түскенін және парламентаралық ынтымақтастық жанданып келе жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға бейіл екенін растады.