Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны іске қосу рәсімінде аталған желі Қазақстан мен Әзербайжанның Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен күш-жігеріне тың серпін беретінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Біз халықаралық маңызы зор бірегей жобаны іске қостық. Ең бастысы, бұл – жаңа заманның дәлізі. Яғни көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады, – деді Қазақстан Президенті.
Ильхам Әлиев ТОБЖ-ны іске қосу арқылы Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы ықпалдастықты нығайтуға тағы бір қадам жасалғанын атап өтті.
– Былтыр Әзербайжан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне толық мүше ретінде қабылданды, биыл мен осы ұйымға толық мүше ретінде қатыстым. Аталған жоба ынтымақтастықты тереңдетуге қосылған кезекті үлес болды. Яғни бұл желіні Орталық Азия елдері де, Оңтүстік Кавказ жұрты да, одан тысқары елдер де пайдаланады. Осылайша, бүгін жаһандық жобаны іске қостық, – деді Әзербайжан Президенті.
Ашылу салтанатында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин сөз сөйледі.