Олар ау құралдарын пайдаланып, 33 келі балық аулаған. Енді күдіктілерге алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Полицияның мәліметінше, заңсыз балық аулауға Астана мен Қосшы қалаларынан келген ер адамдардың қатысы бар. Олар Біржан сал ауданы аумағындағы Жөкей көліне қайықпен шығып, балық аулау үшін тор пайдаланған.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, балық ресурстарын заңсыз аулағаны үшін күдіктілерге 6 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ олар түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы, бостандығы шектелуі не үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Полиция балық аулаудың белгіленген ережелерін бұзу, әсіресе тыйым салынған құралдарды пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Сондықтан балық аулауға шықпас бұрын рұқсат етілген мерзімдер мен шектеулерді тексеріп, таңдалған су айдынында әуесқойлық балық аулауға рұқсат бар екеніне көз жеткізу қажет. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы су айдындарында арнайы талаптар қолданылатынын естен шығармаған жөн.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.