Бензин неге қымбат?
Бензин неге қымбат?
200
оқылды
Жыл басталғалы елімізде бензин бағасы шарықтап кетті. Globalpetrolprices.com сайтында Қазақстандағы жа­­нар­май­дың бір литрі 174 теңге тұрады деп жазыл­ған. Бүгінде АИ-92 мар­ка­лы бензин «ҚазМұнайГаз» бекет­те­рін­де – 154, «Газп­ром­нефть» бекеттерінде – 152, Sinooil бекеттерінде 150 теңгеден са­тылып жатыр. 2019 жылдың соңында бензин ак­цизі мөлшерлемесін өзгерту ту­ралы Үкімет қаулысы жария­лан­ды. Биыл күшіне енген құжат бойын­ша акциз құны тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтерілген. Бензин баға­сы­ның шарықтауын шенділер осы ак­циздің өскенінен көреді. Акциз де­геніміз не? Акциз дегеніміз – адам денсаулығына зиян келті­ре­тін мекемелер мен компанияларға са­лынатын салықтың бір түрі. Энергетика министрлігінің ха­­­барлауынша, Қазақстанда жа­нар-жағармай қоры жеткілікті. Мә­­­селен, қаңтар айында 415,7 мың тонна бензин өндірілген. Аты­рау, Шымкент, Павлодардағы мұ­най өңдеу зауыттары еш кед­ер­гі­сіз, штаттық режимде жұмыс іс­теп тұр. Ендеше бензин неге қым­баттады? Қаржы министрі Әлихан Смайы­ловтың пікірінше, оның се­­бебін әлеуметтік саладағы қа­жет­­­тіліктен іздеген дұрыс. – 2020 жылы әлеуметтік сала­да­ғы шығындар артады. Аталған ба­ғытқа республикалық бюджет­тен 6 триллион теңге бөлу қарас­ты­рылған. 2019 жылы бұл салаға 5,3 триллион теңге жұмсалған еді. «Педагог мәртебесін көтеру ту­ра­лы» заң қабылданды, төрт жыл бойына ұстаздар жалақысын екі рет көтеру керек. Сондай-ақ ба­ла­бақша тәрбиешілері мен кол­ледж мұғалімдерінің де жалақысы жо­ғарылайды. 2020 жылы бұл өсім 25 пайызды құрайды. Мұның бә­рі қосымша ақшаны қажет ете­ді. Сонымен қатар біз микро және ша­ғын бизнес субъектілерін та­быс салығынан үш жылға босату ар­қылы да кірістерімізді азайт­тық, – деген еді министр. Жалпы, министрдің сөзінің жа­ны бар. Ел Үкіметі әлеуметтік са­­лаға жыл сайын триллиондаған ақ­­ша бөледі. Бұл жерде «трил­лион» сөзінің мағынасына ерек­ше бойлаған жөн. 1 триллион де­­­геніміз – миллиардты мыңға кө­бейткенде шығатын сан. Бұл – шын мәнінде орасан сома. Яғни, министрдің уәжіне сүйенсек, мем­лекет бензинді қымбаттату ар­қылы әлеуметтік саланың жыр­тығын жамауды көздейді. Бы­лай­ша айтқанда, халықты халық асы­рауы керек деген логика. Сондай-ақ Әлихан Смайылов «бен­зин бағасының өскені ин­фля­цияға әсер етпейді» деп сен­діруге тырысады. Алайда Ұлт­тық банк төрағасының орын­ба­са­ры Ақыл­жан Баймағамбетов ақ­пан айында мүлде басқаша сөйлеген. – Азық-түліктік емес жылдық ин­фляция 5,2% құрады. Өткен айда 5% еді. Бұл акциздердің ар­туы­на байланысты бензиннің қым­баттауы есебінен болды. Кө­лік қызметтері және электр қуаты ба­ғасының өсімі ақылы қызмет­тер инфляциясының ұлғаюына ықпал етті, – деген-ді банкир. Бір-біріне қарама-қайшы екі ақ­параттың қайсысына сенесіз, оны патша көңіліңіз білсін. Бензиннің күрт қымбаттауына тағы бір себеп – мұнай өнімдерін Ре­сейге жаппай тасымалдау. Ше­неу­ніктердің ойынша, бұл қым­батшылыққа да шүкір деуге тиіс екен­біз. Өйткені Ресейде бен­зин­нің орташа бағасы 260 теңгені төңі­ректейді. Бірақ экономист Мақсат Ха­лық жанармайдың қымбаттауы жақ­сы құбылыс емес деп санайды. – Осы орайда ескеретін нәр­се­лер бар. Энергетика министрлігі жаңа жылдың алдында бензин қымбатшылығы болатынын жа­рия­лады. Себебі оны әрі қарай ұстап отырудың мағынасы жоқ. Он­­дай жағдайда Қазақстанның бен­зиніне деген сұраныс артып кетіп, ол Ресейге өтіп кетуі мүм­кін деген жорамал болды. Қазір Ре­сейдегі жанармай бағасы біз­дегіден әлдеқайда қымбат. Ал біз­дегі бензин жаппай Ресейге ке­тетін болса, онда Қазақстанда бен­зин тапшылығы орнап, әлеу­меттік қиындық туындауы ық­ти­мал. Есте болса, осындай жағдай 3-4 жыл бұрын орын алып, жа­нар­май бекеттерінде ұзын-сонар кезекке ұрындырған, – дейді са­рап­шы. Бензиннің қымбаттауы өзге өнім­дерге, оның ішінде азық-тү­лік қымбатшылығына да әкеп со­ғатыны ешкімге жасырын емес. Бі­рінші кезекте нан бағасына әсер етеді. Өйткені егіс даласын­дағы жұмыстар негізінен жанар-жағармаймен жүретін комбайн­дар­мен атқарылады. Дайын өнім­ді тасып, тиісті орындарға жет­кізу­де де көліктің орны бөлек. Әрине, бензиннің қымбаттауы экономикаға жақсы қырынан да әсер етуі ықтимал. Әсіресе, «Тес­ла­ға», электронды көліктерге сұра­ныс артуы мүмкін. Қазірдің өзін­де кейбір көлік жүргізушілері экологиялық жағынан бензиннен әл­деқайда таза газға ауысып ал­ған. Себебі газ жанғанда ауаны лас­тайтын элемент біреу ғана, ол – көмірқышқыл газы. Онда да кө­мірқышқыл газы ауаның құ­ра­мында бар. Дегенмен, ең өкі­ніш­тісі, Қазақстандағы газ өндірісін мұ­най лоббиі тұншықтырып отыр. Айтпақшы, әлемде мұнай ба­ғасы құлдырағандықтан, көп­ші­лікті бензин арзандай ма деген сұрақ толғандырады. Бұл сауалға Үкі­мет дәлізінде журналистерге ұста­лып қалған Энергетика ми­нистрі Нұрлан Ноғаев жауап бер­ді. – Бензиннің бағасы еркін ай­на­лымда. Барлығын нарық рет­тейді. Қазақстан өзінің мұнай өн­дірісін қысқарта ма, ұлғайта ма де­ген сұраққа келер болсақ, бұл ба­ғытта нақты жоспарымыз бар. ОПЕК-тің ұстанымдары – бізге ұсыныс ретінде ғана келді. Бізде жос­парды өзгертетін ой жоқ, – де­ді министр. Демек, жанар-жағармай құны әдет­тегідей осы қалпында қалады. Елі­мізде бір көтерілген баға еш­қа­шан сол деңгейден түспейтінін ес­керсек, бензин қашан арзан­дай­ды деп тосын ғажайыпты то­су­­дың қажеті жоқ сияқты.  

 width=    Еркебұлан НҰРЕКЕШ