Алты қазақстандық жүзгіш әлем кубогының финалына жолдама алды

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде бірден екі қазақстандық финалға шықты

Астанада жүзуден әлем кубогының соңғы кезеңі жалғасуда. Екінші жарыс күніндегі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алты өкілі финалға жолдама алды. Сонымен қатар екі ұлттық рекорд жаңартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

50 метрге еркін стильде жүзуде Глеб Коваленя 21,31 секунд нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын 0,04 секундқа жақсартты. Ол кешкі сессияда өтетін финалдық жарысқа қатысады.

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде бірден екі қазақстандық финалға шықты. Әділбек Мусин қашықтықты 51,42 секундта жүзіп өтсе, Максим Сказобцов 51,53 секунд нәтиже көрсетіп, іріктеу кезеңінде сегізінші орын алды.

Айбат Мырзамұратов 200 метрге брасс әдісімен жүзуде 2:07,15 секунд уақыт көрсетіп, іріктеу кезеңін бесінші орынмен аяқтады. Егор Попов 100 метрге кешенді жүзуде 54,64 секунд нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Ал Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде жүлдеге таласады. Оның іріктеу кезеңіндегі нәтижесі - 58,55 секунд.

Тағы бір ұлттық рекордты Ғалымжан Балабек жаңартты. Ол 400 метрге еркін стильде жүзуде 3:46,87 секунд нәтиже көрсетіп, бір апта бұрын Ташкентте өткен әлем кубогы кезеңінде жасаған өз рекордын жақсартты.

Финалдық жарыстар бүгін, 16 қазанда, Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.