Абай жеріндегі ауқымды іс

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы ая­сындағы «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы қасиетті Абай же­рінде жастарды, қоғам белсенділерін, ауыл тұрғындарын жә­не ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдырды. Оның түпкі мәні – туған жерге жанашырлықты күнделікті дағдыға айналдыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметті азаматтық жауап­кер­шіліктің өлшемі ретінде қалыптастыру.

Бұл күні Семейдің таңы өз­ге­ше атты. Қала тіршілігі толық оян­бай жатып, спорттық киім ки­ген жастар таңғы жаттығуға жи­налды. Жаттығуға қатыс­қан­дар­дың қатарында «Әділет» пар­тиясының мүшесі, «Қазақстан ба­рысы» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев та болды.

– Семей қаласында жастар «Әді­лет» партиясы ұйымдас­тыр­ған Road-эстафетасының «Чем­пион­дық рух» атты таңғы жат­ты­ғуы­на белсене жиналды. Жас­тар­дың басын қосып, салауатты өмір сал­тын ұстануға жақсы бастама деп ойлаймын. Road-эстафетасы – «Таза Қазақстан» акциясы аясын­да жалғасып жатқан керемет жоба. Бұл жоба еліміздің түкпірін­де­гі ауылдарды таза ұстау мақса­тында жасалып жатыр, – дейді ол.

Жаттығудан кейін қаты­су­шы­лар қолғаптарын киіп, қоқыс жи­науға арналған қаптарын алып, жолға шықты. Ендігі мақ­сат – Семейден Абай ауданына дейін­гі тасжолдың бойын тазарту, тарихи орындардың айналасын ретке келтіру және туған өлкенің та­биғатына жанашырлық таныту.

Абай облысындағы эстафе­та­ның ауқымы атқарылған жұмыс­тың нәтижесінен-ақ көрінеді. Қа­тысушылар 487 шақырым жол­дың бойын тазалап, 35 тон­на­ға жуық қоқыс жинады. Эколо­гиялық шараға 500-ге жуық жас қатысып, үш аудан мен бір қала­ны қамтыды.

Семейден Абай ауданына дейін­гі жолда тазалық жұмыстары жүр­гізіліп, Күшікбай асуының ай­наласы да назардан тыс қал­мады. Бұдан бөлек, Абай ме­мо­риалдық кешені мен Жидебай қо­рығы маңындағы аумақтар рет­ке келтірілді.

«Әділет» партиясы жанын­да­ғы «Жастар Рухы» жастар қа­на­ты­ның Абай облыстық филиа­лы­ның төрағасы Темірлан Бақтия­ров­тың айтуынша, эстафета ая­сын­да тазалық жұмыстарымен бір­ге тарихи орындарды қорғауға да басымдық берілген.

– «Таза Қазақстан» акциясы ая­­­сындағы Road-эстафетаның шең­берінде Абай ауылына келіп, Жи­дебай қорығында тазалық жұ­мыстарын жүргізіп жатырмыз. Со­нымен қатар қорықтың ма­ңайын вандализмнен сақтау мақ­сатында жұмыстар жүргізілуде. Шара барысында Қарауыл ауы­лы­на барып, мерекелік OPEN AIR концерт өткіземіз. Абай ауда­ны­ның тұрғындары акцияға бел­сене қатысуда, – дейді Темірлан Бақтияров.

Оның сөзінен акцияның тек қо­қыс жинаумен шектелмейтіні аңғарылады. Қасиетті орындарды бү­лінуден қорғау, тарихи-мәдени мұ­раға құрметпен қарауды наси­хат­тау да назарда тұр. Осы мақ­сат­та «Вандализмге жол жоқ!» ак­циясы қатар жүргізілуде. Тари­хи ескерткіштер мен табиғи ны­сан­дарды сақтау үшін арнайы ме­кемелердің жұмысы ғана жет­кіліксіз. Қоғамның әрбір мүшесі ортақ мұраға жауапкершілікпен қара­ғанда ғана оны келер ұрпаққа аман жеткізуге болады. Әсіресе Абайдың атымен тығыз байла­ныс­ты мекендерде бұл міндеттің сал­мағы айрықша.

Абай облысындағы эстафета эко­логиялық шаралармен қатар, тұр­ғындармен кездесулер мен қо­ғамдық қабылдауларды да қам­тыды. Құрылтай депутаты Шал­қар Байбеков елді мекендердегі азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдап қана қоймай, тазалық жұмыстарына да қатысты.

«Таза Қазақстан» – тазалық­тан басталатын тәрбие, туған жер­­ге деген сүйіспеншілік пен ел бо­лашағына деген жауапкерші­лік­тің көрінісі. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ак­циясы – қоршаған ортаны қор­ғауға, табиғатты аялауға және өс­келең ұрпақтың бойында эко­ло­гиялық мәдениетті қалыптас­тыру­ға бағытталған маңызды бас­тама. Бүгінгі эстафета аясын­дағы іссапарымыз Абай облы­сы­ның Бесқарағай ауданынан бас­талып, қасиетті Қарауылда, Абай ауданында жалғасуда. Бесқарағай ауданында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдадық. Аудан жастарымен бірге ағаш егіп, сенбілік ұйым­дас­тырдық. Бұл – туған жерге деген жа­нашырлықтың, қоршаған ор­та­ға деген қамқорлықтың және ор­тақ іске жұмылған бірліктің ай­қын көрінісі», – дейді Шалқар Байбеков.

Абай жеріндегі Road-эс­тафета бір күндік сенбіліктен әлдеқайда кең мазмұнға ие болды. Мұнда жас­тар спортпен шұғылданып қа­на қоймай, туған өлкенің таза­лы­ғына үлес қосты. Ауыл тұрғын­дары қалдықтарды сұрыптауға қатысып, экология­лық сауатты­лық­тың маңызын көр­сетті.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы