Ластанған ауа алқымнан алды

Ауадағы жағымсыз иіс Атырау үшін үйреншікті болып барады. Ал ауаны нақты қай нысан ластап отыр? Бұл сұраққа әзірге толық жауап жоқ. Дегенмен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру нәтижелері экологиялық мәселеге қатысты жаңа деректерді алға тартты.

Атырау облыстық Экология де­­партаментінің басшысы Асқар Жүсіпов департамент жүргізген тек­серу барысында ауадағы лас­тау­шы заттардың рұқсат етілген шек­ті концентрациядан асу фак­тілері анықталғанын мәлімдеді. Мұн­дай көрсеткіштер AirKZ қо­сымшасы мен «Қазгидромет» мә­ліметтерінде де тіркелген.

«Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негі­зі­нен, мұндай ластану түнгі және таң­ғы уақытта байқалып отыр. Тұр­ғындар шағымынан кейін, лез­де қыркүйек айының басында екі күн жүргізілген зертханалық зерт­теу нәтижесінде кейбір лас­тау­шы заттардың мөлшері рұқсат етіл­ген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды», – деді Асқар Жүсіпов.

Айтпақшы, Атырауды жайла­ған күлімсі иіс – әлеуметтік желі­де­гі уақытша «дауыл» эффек­ті­сін­де қалған жоқ. Жаппай шағымнан кейін Атырау мұнай өңдеу зауы­тында жоспардан тыс тексеру жүр­гізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкіл­дері тексеру барысында эколо­гия­лық талаптардың бұзылғанын рас­тады. Ресми мәліметке сәйкес, зауыттың күкірт өндірудің аралас қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында авария­лық жағдайлар болған. Соның сал­дарынан газ факельді қон­дыр­ғыда жағылған. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы көлемі 100 тоннадан асқан.

Министрлік мәліметінше, зауыт­тың кейбір технологиялық пеш­­тері мен резервуарлары бойын­­ша шығарындылар есеп­тел­­меген, рұқсат етілген шыға­рын­дылар нормативтері белгі­лен­­беген. Сондай-ақ автомат­тан­дырылған мониторинг жүйесіне және қолайсыз метеорологиялық жағдайларда шығарындыларды азайту шараларына қатысты заң­бұзушылықтар тіркелген. Ас­пап­тық бақылау барысында көміртек ок­сиді, азот оксиді және азот дио­к­сиді бойынша норматив­тер­дің асып кеткені де хабарланды.

1 қазанда әкімшілік құқық­бұзуш­ылық туралы істерді қозғау жө­ніндегі шешімдер прокурормен келісіліп, материалдар сотқа жол­данды. Бұдан бөлек, құжаттар қыл­мыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауы­тының басшылығы экологиялық проб­лемалардың бәріне бірдей зауыт­ты айыптауды құптамай отыр. Өйткені 2020-2026 жыл­дары атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін 20,1 мың тоннадан 14 мың тоннаға дейін азайтқан екен. Оның үстіне, жағымсыз иістің көзі біреу ғана бол­мауы мүмкін. АМӨЗ бас ди­рек­торы Мұратжан Мұ­сайбеков те нақты қорытынды жасау үшін ке­шенді тексерудің нәтижесін кү­ту қажет екенін айтады. Кәсіп­орын басшылығы жауап­кер­ші­лік­тен жалтармайтынын және тек­­серуші органдарға қажетті ақ­парат беріп отырғанын мәлім­деді.

Бірақ тұрғындар үшін есептегі сандардан бөлек, күнделікті өмір­дегі өзгеріс маңызды. Егер шы­ға­рындылар азайып жатса, жа­ғым­сыз иіс қайдан пайда болады? Қан­­дай заттардың концентра­ция­­сы артады? Бұл жағдайдың се­­бептері қаншалықты жедел анық­­талады?

Атыраудағы жағдайды бір кә­сіпорынмен ғана байланыстыруға болмайтыны рас. Ластану көз­де­рі­нің қатарында «Квадрат» бу­лану алаңы, «Атырау облысы Су Ар­насы» КМК-ның кәріз ны­сан­дары, мұнай-газ кәсіпорындары, жылу электр орталықтары бар. Эколог Галина Чернова «Квадрат» бу­лану алаңына қатысты мәселе­лерді көтеріп келеді. Оның ай­туынша, нысанда жүргізілген өл­­­шеулер кезінде күкіртсутек пен мұ­най өнімдері анықталған. Сон­дай-ақ эколог «Су Арнасы» кә­сіпорны қабылдайтын сарқынды су­ларды бақылау мәселесіне на­зар аударуды ұсынып отыр. Оның пікірінше, бұл бағытта қосымша зерттеу мен бақылау қажет.

Мәселені күрделендіретін та­ғы бір фактор – ауа райы. Жел әл­сіз болғанда немесе ластаушы зат­тардың таралуы қиындағанда, олар­дың жерге жақын атмосфера қабатында жиналу қаупі артады. Сон­дықтан иістің нақты көзін анық­тау үшін жел бағыты, ласта­ну тіркелген уақыт, ауа құрамын­дағы заттардың концентрациясы жә­не кәсіпорындардың жұмыс ре­жимі бір мезгілде зерттелуі ке­рек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы