Ауыл тұрғындарының тілегін тыңдады

«Әділет» партиясының «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы экологиялық тазалық пен қоғамдық белсенділікті бір арнаға тоғыстырды.

Ақмола мен Павлодар облысының арасын қамтыған сапардың алғашқы күндерінде жастар жол бойын қоқыстан тазартып, табиғи мұраны қорғауға мол үлес қосты. Сонымен қатар Құрылтай депутаттары тұрғындармен кездесіп, елді мекендерде қордаланған мәселелерге назар аударды. 

Эстафета аясында қатысу­шы­лар Ақмола облысындағы әйгілі «Кемпіртас» тауының аумағын да қоқыстан тазартты. Сонымен қа­тар жастар қанатының белсен­ді­лері партияның «Вандализмге жол жоқ!» акциясына қатысып, та­биғи нысандарға салынған жазулар мен граффитилерді жою жұ­мыстарын жүргізді. Ғасырлар бойы табиғаттың өзі қалып­тас­тырған көркем көріністі бірсәттік әуестікпен бүлдіру оңай. Ал оның бастапқы қалпын қалпына кел­тіру әлдеқайда қиын. Сондықтан «Кем­піртас» аумағындағы таза­лық жұмыстарының тәрбиелік мә­ні ерекше.

Осы жолғы «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасының тағы бір маңызды ерекшелігі – халықпен бет­пе-бет жүздесу. Ақмола облы­сы­­ның Ерейментау ауданында өт­­кен қабылдауға Құрылтай депу­тат­тары, «Әділет» партиясы фрак­­циясының мүшелері Айна­гүл Балташева, Ерқанат Мұсыл­манбек және Юлия Кучинская қатысты. Халық қалаулылары 20-дан астам тұрғынның өтініші мен ұсынысын тыңдады. Кез­десуде көтерілген мәселелердің ауқымы да кең болды. Бірі әлеу­меттік нысандардың жағдайына алаң­даса, енді бірі денсаулық сақ­тау саласын жақсартуды, ин­женерлік желілерді жаңғыртуды және ауылдардың инфрақұры­лы­мын дамытуды сұрады.

Атап айтқанда, тұрғындар Ерей­ментау қаласындағы «Жігер» стадионын және №8 АТК коллед­жінің ғимаратын жөндеу, аудан­дық орталық аурухананы зама­науи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, қалалық қазан­дық­ты жаңғырту және су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау мәселелерін көтерді. Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылы­мын дамыту қажеттігі де назардан тыс қалмады. Депутат Айнагүл Балташева тұрғындармен мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.

– Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары өңірлердің нақ­ты қандай қажеттіліктері барын тү­сінуге мүмкіндік беретін маңыз­ды кері байланыс. Сондықтан әр мә­селені нақты егжей-тегжейлі қарас­тыру қажет, – дейді Құрыл­тай депутаты.

Қоғамдық қабылдау бары­сын­да ауыл тұрғындары өздерін тол­ғандырған түйткілдерді ортаға сал­ды. Атап айтқанда, ауылдарға ойлы-шұңқырларға айнала бас­таған кіреберіс жолдарды жөндеу, Ажы және Қойтас ауылдарының арасында көпір салу, Малтабар мен Ақмырза ауылдарында дәрі­герлік амбулаториялар ашу сияқ­ты көптен бері халықтың ащы жанайқайын тудырған өзекті мә­се­лелер көтерілді. Сонымен қа­тар ауылдық клубтар салу және кәсіпкерлер үшін электр энер­гия­сы тарифін арзандату жөнінде де ұсыныстар айтылды. Депутат Ерқанат Мұсылманбек инфра­құры­лымдық мәселелерді ше­шу­де жүйелі тәсілдің маңызын атап өтті.

– Ауылдар мен аудан орта­лық­тарының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде шешу маңызды. Жер­гілікті бюджет мүмкіндік­те­рі­мен қатар, облыстық және рес­пуб­ликалық деңгейдегі қаржы­лан­дыру тетіктерін де қарастыру қажет, – дейді Ерқанат Мұсыл­ман­бек.

Ұйымдастырушылардың мә­ліметінше, эстафета барысында депутаттар тұрғындармен кезде­сіп, олардың өтініштері мен мә­се­лелерін тыңдап қана қоймай, ауыл-аймақты алаңдатқан өзекті мәселелерді алдағы уақытта Құ­рыл­тай деңгейінде көтеруді көз­дейді. Бұл бастаманың маңызды ба­ғыты халық пен шешім қабыл­дайтын құрылымдар арасындағы байланысты нығайтуға бағыттал­ған. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова да осы жұ­мыс­тың мәніне тоқталды.

– Бұл – экологиялық мә­де­ниетті сөз жүзінде емес, нақты іс­пен қалыптастырудың үлгісі. Осын­дай бастамалар қоғамда ор­тақ жауапкершілікті арттырады. Жастар еріктілік арқылы тәжіри­бесін жинақтаса, тұрғындар эко­логиялық мәселелерді талқылауға белсенді араласады. Ал депутат­тардың қоғамдық қабылдаулары ауылдардағы өзекті мәселелерді ті­келей анықтауға мүмкіндік бере­ді, – дейді депутат.

Эстафета экологиялық ак­ция­лармен және қоғамдық қа­был­даулармен ғана шектелген жоқ. Павлодар облысына қарасты Екі­бастұз қаласында тұрғындар мен жастарға арналған ашық ас­пан астындағы Open Air концерті өтті. Мұндай мәдени іс-шаралар жас­тардың басын қосып қана қой­май, ортақ бастама төңі­ре­гінде қоғамдық белсенділікті арт­тыруға мүмкіндік береді. Таби­ғатты қорғау, елді мекеннің таза­лығын сақтау және азаматтық жауапкершілік таныту идеялары мәдени шаралар арқылы да кеңі­нен насихатталады.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы