Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар кездесулер өткізді. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельмді қабылдаған. Мемлекет басшысы қордың елдегі қызметінің негізгі бағыттары, жүзеге асырып жатқан жобалары және ұйымның елімізбен арадағы ынтымақтастығының перспективасы жайында құлағдар болды. Өкілдік басшысы Қазақстандағы цифрландыру, энергетика, дуальді білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары салаларын дамытуға, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіруге қатысты ой бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Томас Хельмге өзінің жуырда Германияға жасаған сапарының нәтижелері туралы хабарлап, Қазақстанның осы елмен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовті қабылдады. Әкім Қ.Тоқаевқа Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Кездесуде тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, тері-жүн комбинатының жұмысын қайта жүргізу мәселесі қарастырылды. Бұған қоса, радиологиялық орталықты пайдалануға беру, жаңа мектептің құрылысы, жол жөндеу жұмыстары мен көшелердің абаттандырылуы сөз болды. Президент Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық шараларды сапалы өткізуді, шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы Семейге тарихи орталық мәртебесін беру жөнінде маңызды қадам жасалғанын еске салып, енді музейлер жұмысының сапасын арттыруға, қаланың көрікті жерлерін абаттандыруға бағытталған тиісті шаралар қабылдау талап етілетінін нықтады. Аталған нысандар туристер мен қала қонақтары үшін тартымды болып, нақты қызмет етуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Ермак Сәлімовке волонтерлер қозғалысымен бірлесіп, «Семей орманы» аумағында ағаш егу жұмыстарын ұйымдастыру, бұл акцияға жастардың қатысуын қамтамасыз ету қажетін айтты. Сондай-ақ 5 ақпанда Президент Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярды қабылдап, Қазақстанда «ашық аспан» жүйесін құру жөнінде атқарылған жұмыстар жайында ақпаратын тыңдады. Биыл Катар, Польша, Оман, Беларусь, Малайзия, Румыния, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт секілді елдердің танымал әуекомпаниялары 14 жаңа бағыт ашады деп жоспарлануда. Швейцария, Оңтүстік Корея, Сингапур, Латвия, Литва елдеріндегі авиация саласының басшылығымен келіссөздер жүріп жатыр. Ерік ЕРДЕН