Драматургиядағы дара даңғыл

Атырауда Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі өтті. Бес күнге созылған өнер додасына Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан елінен 11 театр қатысып, көр­нек­ті жазушы-драматургтің шы­ғармаларын сахналады.

Фести­валь театр ұжымдарының шы­ғар­­машылық бәсекесі ғана емес, ұлттық драматургияның бүгінгі тынысын бағамдап, түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр.

Фестивальдың салтанатты ашылу рәсімі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Мәдени шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» қорының төрайымы, драма­тургтің жары Сәуле Отарбаева қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Рахымжан Отарбаевтың қазақ әдебиеті мен драматургиясындағы орнына тоқталып, қаламгер атындағы халықаралық фестиваль­дың оның туған жерінде өтуінің мәні ерекше екенін атап өтті.

«Рахымжан Отарбаев – Атырау топы­рағынан түлеп ұшқан қаламгер ғана емес, қазақ әдебиеті мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, барша қазаққа ортақ суреткер. Қаламгер атындағы халықаралық фестивальдың туған жерінде өтуінің мәні ерекше. Атыраудың театр өнерінде қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Бұл өңірде сахна өнеріне құрмет те, талғампаз көрермен де бар. Өйткені театрдың дамуы – бір ғана өнер саласының жетістігі емес, қоғамның мәдени деңгейінің де көрсеткіші», – деді өңір басшысы.

Қазақстанның құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов Рахымжан Отарбаев шығармашылығының құндылығы  оның туындыларында ұлттық болмыс пен адам табиғатының күрделі қырлары қатар өрілуінде екенін айтады. Марқұм Рахымжан ағамен бірге оның Қырғызстанда өткен фестиваліне сапарлас болып барған Исатай Балмағамбетов сол сапардың ерекше естелігін бөлісті. 

«Жалпы, Рахымжан Отарбаевтың әдемі де, бай тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін шеберлігін таба білу де режиссер мен актерлерден ерекше дарындылықты талап етеді. Міне, «Актриса» қойылымы да сол жолы осы талап биігінен көрініп еді. Жұртшылықты ерекше тәнті еткен Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары жалпы адамзаттық үлкен проблеманы көтере білді. Әр актер өз кейіпкерінің образын сәтті сомдады. Байыптап қарасаңыз, жеңіл жүріске, байлыққа, оңай олжаға, атақ-даңққа ұмтылатын адамдардың түрлі қитұрқы әрекеті, олардың талас-тартысы жеңіл дүние сияқты көрінгенмен, астарлы әжуамен көмкеріліп еді. Өмірде осының бәрі де бары рас. Бұл тек театрдың ішіндегі оқиға ғана емес қой. «Өмірдің өзі – театр. Бәріміз – соның актеріміз» деген Шекспирді осы жерде тағы да бір еріксіз еске аламыз», – дейді ол.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың айтуынша, фестиваль режиссерлерге, актерлерге, суретшілерге және шығармашылық интеллигенция өкілдеріне кәсіби диалог орнатуға мүмкіндік береді. 

«Фестивальдың басты мақсаты – Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық театр өнерін дамы­ту және халықаралық мәдени ынтымақ­тастықты нығайту. Мұндай кездесулердің маңызы театр ұжымдарының өз қойы­лымдарын көрсетуімен ғана шектелмейді. Әр театрдың өзіндік мектебі, актерлік тәсілі, режиссерлік ұстанымы және сахнаны көркемдік тұрғыдан ұйымдастыру ерекшелігі бар. Бір драматургтің шығармасын әртүрлі ұжымның қалай түсіндіретінін салыстыру арқылы көрермен де, кәсіби мамандар да туындының жаңа мағыналық қабаттарын аша алады», – дейді ол.

Қазақстан, Қырғызстан және Қарақал­пақстан театрларының бір сахнада бас қосуы түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени кеңістігін де айқындайды. Тіл мен дәстүрдің жақындығына қарамастан, әр халықтың сахналық өнерінде өзіндік ерекшелік бар. Осындай айырмашылықтар мен ұқсастық­тардың тоғысуы шығармашылық ізденіске жол ашады.

Рахымжан Отарбаев атындағы «Руха­ният» жеке қоры қаламгердің шығармашылық мұрасын дәріптеумен қатар, жастарды қолдау және қазақ әдебиетіндегі сын саласын дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Қор төрайымы Сәуле Отарбаеваның айтуынша, Рахымжан Отарбаев көзі тірісінде жастарға қолдау көрсетуге ерекше мән берген. Қор осы ұстанымды жалғастырып, студенттерге білім гранттары мен шәкіртақыларын тағайын­дайды. Биыл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің үздік студентіне және С.Торайғыров атындағы Павлодар университетінің Журналистика факуль­тетінде оқитын үздік студентке қор шәкірт­ақысы табысталады. Сонымен қатар Атырау университетінде мәнерлеп оқу және көр­кемсөз оқу байқауларының жеңімпаздары марапатталады.

Бұл ұстанымның бүгінгі әдеби және театр ортасы үшін де маңызы бар. Өнердің дамуы тек қолдауға немесе мақтауға емес, шығар­маны терең талдауға, кемшіліктерді кәсіби тұрғыдан бағалауға және жаңа көркемдік ізденістерге жағдай жасауға байланысты. Сын мәдениеті қалыптасқан ортада шығар­машылық бәсеке де мазмұнды сипат алады.

Фестиваль аясындағы шығармашылық кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда жастардың дүниетанымы мен ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесіне тоқталды.

«Қазіргі жастар өте ақылды. Оларға ақыл айтқым келмейді. Көргені де, естігені де көп. Ең бастысы – руханиятымызды жоғалтып алмауымыз керек. Шетелге еліктеп болдық. Қазір әлем көз алдымызда, қолымызда бір-бір гаджет бар. Ақпарат өте көп. Бірақ соның бәрінде ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек», – деді өнер иесі.

Актердің бұл пікірі қазіргі мәдени ортадағы маңызды мәселелердің бірін қозғайды. Ақпарат алмасу жылдамдап, әлемдік мәдени өнімдерге қолжетімділік артқан кезеңде ұлттық өнердің өзіндік үнін сақтау өзекті болып отыр. Алайда ұлттық құндылықтарды сақтау сыртқы мәдени ықпалдан оқшаулануды білдірмейді. Керісінше, төл мәдениеттің тереңдігін танып, оның озық үлгілерін заманауи көркемдік тәсілдермен ұсына білу қажет. Театр осы міндетті атқаратын маңызды институттардың бірі саналады.

Жастардың ұлттық драматургияға қызы­ғушылығын арттыру үшін шығармаларды оқу мен сахналауды ғана емес, олардың идеяларын бүгінгі өмірмен байланыстыра талқылауды да дамыту маңызды. Мұндай жағдайда әдеби мұра өткеннің естелігі ретінде емес, қазіргі қоғаммен тілдесетін тірі рухани құндылық ретінде қабылданады.

Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестивалі Атыраудың мәдени өміріндегі айтулы оқиға болумен қатар, ұлттық драматургияның мүмкіндік­терін кеңінен танытуға жол ашты. Оның аясында ұсынылатын қойылымдар көрер­менге қаламгер шығармашылығын әртүрлі режиссерлік көзқарас арқылы тануға мүм­кіндік береді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы