Ұлытау облысында құтқарушылар жолда скутері бұзылып, қараңғыда адасып кеткен 44 жастағы ер адамды тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «112» қызметіне 1982 жылы туған ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Ол Сәтбаев қаласынан «Спутник» саяжай алқабына қарай жолға шыққан. Алайда жолда скутері бұзылып, қараңғы түскен соң бағытынан адасып кеткен.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Іздестіру аумағында бірнеше топ құрылып, іздеу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде ер адам «Спутник» саяжай алқабынан 10 шақырым қашықтықта табылды.
Құтқарушылардың мәліметінше, ер адамның жағдайы жақсы, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.