Кейде өткенді танып-білу үшін тарихи деректерге үңілесің. Естеліктер мен саяхатшылардың жазбаларынан сол заманның тұрмысын, адамдарын, қалалардың келбетін тануға болады. Тарихты танудағы тағы бір маңызды дерек, сол кезеңдегі билік орындарының ресми есептері. Әрине, ондағы мәліметтерді де сын көзбен қарамай, түгелдей қабылдауға болмайды. Олардың жазылу мақсаты, есеп жүргізу тәртібі мен биліктің ұстанымы болған. Дегенмен басқару орындарына ұсынылып, мемлекеттік шешімдерге негіз болған мұндай құжаттар өз дәуірін танытатын дерек ретінде назар аударуға тұрарлық.
Бүгін ұлы Абай өмір сүрген кезеңдегі Семей өңіріне осындай ресми дерек арқылы үңіліп көрмекпіз. Әңгіме 1905 жылы жарық көрген Семей облысы туралы басылым жөнінде. Жарияланғанына 120 жылдан асқан бұл кітапта өңір халқының саны, ана тілі, діни сенімі, кәсібі, сауаттылығы мен отбасы құрамы туралы мәліметтер сақталған. Сол деректерге сүйеніп, XIX ғасыр соңындағы Семей облысының әлеуметтік келбетіне шолу жасаймыз.
Бұл деректер «Ресей империясы халқының 1897 жылғы бірінші жалпы санағы» басылымының Семей облысына арналған 84 томында жинақталған. Н. А. Тройницкийдің редакциясымен шыққан кітап 1905 жылы жарияланған. Яғни, сегіз жыл бұрын жүргізілген санақтың нәтижесін көрсетеді. Томға алғысөз, И. Антонович жазған қысқаша шолу және халықтың түрлі белгілер бойынша бөлінісін қамтитын статистикалық кестелер енгізілген.
Сол кездегі Семей облысының аумағын қазіргі бірнеше облыс шекарасымен теңестіруге болады. Оның құрамына Семей, Зайсан, Қарқаралы, Павлодар және Өскемен уездері кірген. Әкімшілік орталықтармен бірге Көкпекті де қала ретінде жеке есептелген.
Халық санын қарайтын болсақ, Қарқаралыда 171 655 адам тіркелген. Павлодар уезінде 157 487, Семей уезінде 156 801, Өскемен уезінде 103 575, Зайсан уезінде 95 072 адам тұрған екен.
Халықтың жалпы саны мен қоныстану тығыздығы әртүрлі. Тұрғыны ең аз Зайсан уезі бір шаршы верстке (қазіргі өлшеммен бір шаршы шақырымнан көбірек) шаққандағы халық саны бойынша бірінші орында тұрған. Оның тығыздығы 2,72 адам болған. Ал халқы ең көп Қарқаралы уезінде бұл көрсеткіш 0,92 адамды құраған. Қарапайымдап айтсақ, сол уақытта Зайсан уезінде бір шаршы шақырымға орта есеппен 2-3 адамнан келген. Ал Қарқаралы уезінде бір шаршы шақырымға бір адамға да жетпеген.
Санақтағы маңызды мәліметтердің бірі — ана тілі туралы деректер. Қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткендер саны 604 564 адамға жеткен. Бұл облыс халқының 88,31 пайызы еді.
Орыс тілін ана тілі ретінде көрсеткендер 65 062 адамды, татар тілін көрсеткендер 9 940 адамды құраған. Кестелерде украин, беларусь, поляк, неміс және басқа тілдер де тіркелген.
Діни құрам жөніндегі кестелерде мұсылман ретінде 614 773 адам есептелген. Олардың үлесі 89,80 пайыз болған. Православие сеніміндегі тұрғындар саны 67 620 адамды құраған. Сонымен қатар ескі ғұрып ұстанушылар, католиктер, протестанттар, иудаизм және басқа дін өкілдері тіркелген екен.
Қалалық өмірдің ауқымы облыс халқының жалпы санымен салыстырғанда шағын болған. Алты қалада барлығы 54 488 адам тұрған. Солардың 26 246 Семейде қоныстанған. Қалған қалалардың көлемі едәуір кіші еді. Өскеменде 8 721, Павлодарда 7 738, Қарқаралыда 4 451, Зайсанда 4 402, Көкпектіде 2 930 тұрғын тұрған дейді.
Туған жері туралы мәліметтер қалалық ортаның құрамын тереңірек ашады. Қала тұрғындарының 33,64 пайызы басқа губернияларда, 16,68 пайызы Семей облысының басқа уездерінде туған. Яғни, түрлі себептермен көшіп келгендер, көп ұзамай жергілікті халыққа айналған.
Халықтың негізгі күнкөріс көздері кәсіптер туралы кестелерде көрінеді:
- Мал шаруашылығымен жеке кәсіп ретінде айналысқан 98 840 адам тіркелген.
- Егіншіліктегі осындай адамдар саны 26 851 болған.
Кестелерден кен өндіруді, балық аулауды, ағаш және металл өңдеуді, құрылыс жұмыстарын, киім мен аяқкиім тігуді кездестіруге болады. Сауда да сатылатын тауар түрлеріне қарай бөлінген: мал, астық, тері мен аң терісі, мата, киім, құрылыс материалдары және тұрмысқа қажетті заттар жеке көрсетілген. Тасымал, пошта, телеграф, оқу-ағарту және дәрігерлік қызметтер де есепке алынған. Кәсіпке қатысты сандардың өзіндік есептеу тәртібі бар. Санақ жеке кәсібі бар адамдарды және сол кәсіптен күн көретін отбасы мүшелерін бөлек көрсетеді. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысқан адамның отбасы да осы саладан күн көргенімен, кестеде оның мүшелері кәсіп иелерімен қосылып берілмеген. Негізгі және қосалқы кәсіптер де жеке қарастырылған.
Ауыл шаруашылығымен, балық аулаумен және аңшылықпен айналысатын тұрғындардың арасында киіз басу, кілем жасау, тері өңдеу, ер-тұрман дайындау, ұсталық, зергерлік, ағаш ұсталығы мен аяқкиім тігу сияқты жұмыстар қосымша кәсіп ретінде тіркелген.
Осы кестеде «кезбе музыканттар, әншілер, акробаттар және сол сияқтылар» деген ортақ санат та бар. Оған қосалқы кәсіппен айналысушы ретінде жеті ер адам енгізілген. Бұл — бір-бірінен бөлек өнер түрлерін біріктіріп есептеген санат. Сондықтан көрсетілген саннан әншілерді, күйшілерді немесе басқа өнерпаздарды жеке ажырату мүмкін емес. Соған қарамастан, мұндай жолдың болуы өнер көрсетудің де санақта кәсіптік қызмет ретінде тіркелгенін көрсетеді.
Сауаттылық жөніндегі деректер қала мен даладағы айырмашылықты айқын аңғартады. Облыс бойынша сауатты деп тіркелген 40 219 адам болған. Бұл барлық тұрғындардың 5,87 пайызы еді. Қалаларда сауаттылық көрсеткіші 27,12 пайызға жетсе, даладағы 4,04 пайызды құраған.
Ерлер мен әйелдер арасында да айырмашылық болған. Сауатты ерлер саны 33 502 адам, әйелдер саны 6 717 адам деп көрсетілген. Сауаттылыққа арналған арнайы кестеде орысша және басқа тілдерде сауатты адамдар бөлек берілген. Бастауыштан жоғары білім алғандар да жеке көрсетілген.
Сол кезеңдегі Семей облысында туыстық байланысы бар адамдардан құралған 124 662 шаруашылық болған. Олардың ең көбі, яғни 48 217 шаруашылықта 6-10 адамнан тұрған. Бұл жалпы шаруашылықтардың 38,68 пайызын құрайды.
Ал халықтың жас құрамына қарасақ, облыста 10 жасқа толмаған 167 509 бала өмір сүрген. Олар жалпы халықтың 24,47 пайызын құраған. Сондай-ақ 10-19 жас аралығындағы тұрғындар саны 132 615 адам болған.
Қолда бар есепте Семей облысына қатысты мәліметтер осылайша жан-жақты әрі нақты көрсетілген. Бұл – сол кезеңдегі бір ғана аймақтың жағдайын сипаттайтын деректер. Демек, өзге өңірлер туралы да осындай мәліметтер сақталған болуы әбден мүмкін. Алдағы уақытта сол деректерді іздеп тауып, зерттеп, қазақ тілінде ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке ұсыну.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.