18 қазанға қараған түні Ресейдің Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Салдарынан мұнай терминалында өрт шығып, бірнеше нысанға зақым келгені хабарланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz УНИАН агенттігіне сілтеме жасап.
Ленинград облысының губернаторы әуе қорғанысы күштері 126 дронды атып түсіргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл өңірге жасалған ең ауқымды шабуыл болған.
Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов «Петербург мұнай терминалының» аумағында өрт шыққанын растады.
Сондай-ақ «ВКонтакте» компаниясының Ленинград облысындағы деректерді өңдеу орталығына дрон шабуыл жасағаны хабарланды. Компания шабуыл болғанын растағанымен, сервистердің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, «Восточная» электр қосалқы станциясына шабуыл жасалып, қаланың кейбір аудандарында жарық сөнгені айтылды. Дрон Санкт-Петербургтегі Корабельный фарватер арқылы өтетін көпірге де тиген.
Шабуыл кезінде әуежайларда ұшақтарды қабылдау мен ұшыруға уақытша шектеулер енгізілді.