Қазақстанда қандай жағдайда ЖСН өзгертілуі мүмкін?

Заң бойынша баланы асырап алу кезінде ЖСН өзгертілуі мүмкін

Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) адамға бір рет беріледі және әдетте өмір бойы өзгермейді. Алайда заңнамада кейбір ерекшеліктер қарастырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ЖСН – 12 цифрдан тұратын бірегей нөмір. Ол азаматты алғаш тіркеу кезінде автоматты түрде қалыптастырылады.

Заң бойынша баланы асырап алу кезінде ЖСН өзгертілуі мүмкін. Бірақ бұл барлық жағдайда жүзеге асырылмайды.

Егер сот шешімімен асырап алынған баланың жеке деректері, туған күні немесе туған жері өзгерсе, оған жаңа ЖСН берілуі мүмкін.

Ал өзгеріс тек ата-анасы туралы мәліметтерге қатысты болса және баланың жеке деректері өзгермесе, бұрынғы ЖСН сақталады.

ІІМ өкілдері ЖСН-нің басты талабы оның бірегейлігі екенін атап өтті. Егер азамат өз нөмірінің дұрыстығына күмәнданса немесе жеке деректерінде қате анықтаса, ІІМ көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне жүгіне алады.