«Қыз Жібектен» «Қыпшақ қызы Аппаққа» дейін: Қазақстанда қандай опералар жазылды?

1934 жылғы «Қыз Жібектен» 2026 жылғы «Қыпшақ қызы Аппаққа» дейінгі жол — қазақ кәсіби музыкасының қалыптасу, даму және жаңару тарихы. Бұл жолда халық әні мен күйі, тарихи жады, әдебиет және әлемдік опера өнерінің тәжірибесі өзара тоғысты.

Қазақстандағы кәсіби опера өнерінің тарихы 1934 жылы сахналанған «Қыз Жібек» шығармасынан басталады. Содан бері Қазақстан композиторлары тарихи тұлғалар, ғашықтық дастандар, халық аңыздары және қоғам өмірі туралы көптеген опера жазды. Олардың бірқатары ұлттық музыкалық мәдениеттің классикасына айналса, кейбірі сахнада сирек орындалды. Кейбірі тіпті жазылып, бірақ көрерменге ұсынылмаған шығармалар да бар. Бірақ деректері сақталған. Бүгінгі шолуымыздың мақсаты - қазақ операларын оқырманға таныстырып, оқырманға кәсіби музыкалық өнердің шыңы болып саналатын, отандық опералар жайлы мәлімет беру. 

Негізгі дереккөзі ретінде 2010 жылы жарық көрген «Қазақ опералары» кітабы алынды. Еңбектің авторлары музыкатанушылар Сара Күзембай, Гүлмира Мұсағұлова, Зәуре Қасымова. Онда 50-ден астам опералық шығарма қарастырылып, олардың пайда болу тарихы, әдеби негізі мен музыкалық ерекшеліктері зерттелген. Сонымен қатар, түрлі басылым мен ашық дереккөздердері мәліметтер де пайданылды. Бұл негізінен соңғы он бес жылдағы мәліметтер үшін қолданылды. 

Қазақ операсының қалыптасуы: 1934–1959 жылдар

«Қыз Жібек» — 1934 жыл. Қазақ опера өнерінің бастауында композитор Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы тұр. Ғабит Мүсірепов жазған либретто халықтың әйгілі ғашықтық жырына негізделген.

Опера алғаш рет 1934 жылы 7 қарашада Алматыда сахналанды. Басты кейіпкер Қыз Жібектің партиясын Күләш Байсейітова орындады. Қойылымға Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков сынды ұлттық театр өнерінің алғашқы кәсіби өкілдері қатысты.

1936 жылы «Қыз Жібек» Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде көрсетіліп, бүкілодақтық деңгейде танылды.

«Жалбыр» — 1935 жыл. Евгений Брусиловскийдің келесі операсы — «Жалбыр». Либреттосын жазушы Бейімбет Майлин дайындаған. 1935 жылы сахналанған шығармада қазақ ауылындағы әлеуметтік қайшылықтар мен әділетсіздікке қарсы күрес суреттеледі. «Қыз Жібек» ғашықтық дастанына негізделсе, «Жалбыр» қоғам өміріндегі әлеуметтік мәселелерді сахнаға шығарды. Осылайша қазақ операсының тақырыптық аясы кеңейе бастады.

«Ер Тарғын» — 1936–1937 жылдар. Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы қазақтың батырлық эпосына негізделген. Либретто авторы — Сағыр Камалов.

Шығарма 1936 жылы жазылып, 1937 жылғы 15 қаңтарда сахналанды. Алғашқы қойылымда Ер Тарғын партиясын Қанабек Байсейітов, Ақжүністі Күләш Байсейітова орындады.

Операда ерлік, ел қорғау, адалдық пен махаббат тақырыптары көрініс тапты. Композитор қазақ эпосына тән музыкалық интонациялар мен дәстүрлі әуендерді кәсіби опералық формада пайдаланған.

«Айман – Шолпан» — 1938 жыл. «Айман – Шолпан» алғаш рет 1934 жылы музыкалық комедия ретінде сахналанған. Оның әдеби негізін Мұхтар Әуезов дайындаған.

Кейін Евгений Брусиловский 1938 жылы шығарманың опералық нұсқасын жасады. Бұл туынды халықтың әзіл-қалжыңға, тапқырлыққа және тұрмыстық оқиғаларға құрылған «Айман – Шолпан» жырына негізделген.

«Терең көл». 1939 жылы композитор Иван Надиров «Терең көл» операсын жазды. Бұл шығарма Қазақстанда кәсіби опера өнерінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен композиторлардың туындылары қатарында аталады.

«Тұтқын қыз». Композитор Василий Великановтың «Тұтқын қыз» операсы 1939 жылы жазылды. Либретто авторлары — Ғабит Мүсірепов пен Нығмет Баймұхамедов. Шығарманың алғашқы қойылымы 1939 жылғы 7 қарашада өтті. Опера қазақ музыка театрында әйел тағдыры мен әлеуметтік мәселелерді қозғаған алғашқы туындылардың бірі болды.

«Бекет» — 1940 жылы композитор Александр Зильбердің «Бекет» операсы сахналанды. Шығарманың либреттосын Мұхтар Әуезов жазған. Алғашқы қойылымы 1940 жылғы 29 қаңтарда өтті. Операның негізіне халықтың азаттық жолындағы күресіне байланысты тарихи оқиғалар алынған.

«Алтын астық». Евгений Брусиловский 1940 жылы «Алтын астық» операсын жазды. Опера сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы, еңбек және қоғамдық өзгерістер тақырыбын қамтыған шығармалар қатарынан орын алды.

«Гвардия, алға!» — 1942 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Евгений Брусиловский «Гвардия, алға!» операсын жазды. Либретто авторы — Сәбит Мұқанов. Опера 1942 жылғы 8 қарашада сахналанды. Шығарманың мазмұны майдандағы ерлік пен отансүйгіштік тақырыбына арналған. Осы кезеңде соғыс оқиғалары қазақ операсының маңызды тақырыптарының біріне айналды.

«Абай» — 1944 жыл. Қазақ операсының ең танымал шығармаларының бірі — Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы. Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған. Опера алғаш рет 1944 жылғы 24 желтоқсанда сахналанды. Алғашқы қойылымда Абай партиясын Ришат Абдуллин, Ажар партиясын Күләш Байсейітова орындады. Қойылым режиссері — Құрманбек Жандарбеков.

«Абай» операсы кейін бірнеше рет жаңартылып, еліміздің жетекші опера театрларының репертуарына енді. Бүгінде ол қазақ операсының классикалық үлгілерінің бірі саналады.

«Амангелді». 1945 жылы Евгений Брусиловский мен Мұқан Төлебаев бірлесіп «Амангелді» операсын жазды. Либретто авторы — Ғабит Мүсірепов. Шығарма 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың өмірі мен күресіне арналған.

«Біржан – Сара». 1946 жылғы 7 қарашада Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы алғаш рет сахналанды. Либреттосын Қажым Жұмалиев жазды. Операның әдеби негізіне Біржан сал мен Сара ақынның айтысы және олардың айналасындағы оқиғалар алынған. Алғашқы қойылымда Біржан партиясын Ануарбек Үмбетбаев, Сара партиясын Күләш Байсейітова орындады.

«Біржан – Сара» қазақ операсының музыкалық драматургиясы мен вокалдық партияларын дамытудағы маңызды жетістіктердің бірі болды.

«Жамбыл мен Айкүміс» — 1946 жыл. Латиф Хамидидің «Жамбыл мен Айкүміс» шығармасы ақын Жамбыл Жабаевтың жастық шағындағы айтыс өнеріне байланысты оқиғаларды қамтиды.

«Төлеген Тоқтаров». Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди 1947 жылы «Төлеген Тоқтаров» операсын жазды. Либретто авторы — Мұхтар Әуезов. Опера Екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған. Шығарма кейін де сахналанып, оның 1963 жылғы қойылымын Әзірбайжан Мәмбетов режиссер ретінде дайындады.

«Жамбыл». Латиф Хамидидің 1950 жылғы «Жамбыл» операсы қазақтың әйгілі ақыны Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған.

«Дударай». Евгений Брусиловскийдің «Дударай» операсы 1953 жылғы 30 мамырда сахналанды. Либретто авторы — А. Хангельдин. Алғашқы қойылымның дирижері — И. Зак. Опера қазақтың кең тараған «Дударай» әнінің айналасындағы ғашықтық оқиғаға негізделген.

«Назугум». 1955–1956 жылдары жазылған композитор Құддұс Қожамияровтың «Назугум» операсы ұйғыр халқының тарихи-аңыздық мұрасына негізделген. Либретто авторы — Қ. Хасанов. Операда халық бостандығы мен жеке тұлғаның тағдырына байланысты драмалық оқиғалар баяндалады.

Қазақ операсының жаңа кезеңі: 1960–1991 жылдар

1960-жылдардан бастап Қазақстанда опера жанрының тақырыптық және музыкалық мүмкіндіктері кеңейді. Композиторлар тарихи дастандарға, әдеби шығармаларға, заманауи әлеуметтік оқиғаларға және балаларға арналған сюжеттерге көбірек көңіл бөле бастады. Бұл уақытта ұлттық музыкалық материалды пайдаланумен қатар, күрделі симфониялық даму, заманауи композициялық тәсілдер мен жаңа сахналық шешімдер кеңінен қолданылды.

«Алтын таулар» — 1960 жыл. Құддұс Қожамияров пен Нұрғиса Тілендиев бірлесіп «Алтын таулар» операсын жазды. Либретто авторлары — Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев.

«Мұрагерлер» — 1962 жыл. Евгений Брусиловскийдің «Мұрагерлер» операсы композитордың кейінгі кезеңдегі туындыларының бірі. Шығарма 1962 жылы жазылып, 1963 жылы сахнаға шығарылды.

«Қамар сұлу» — 1963 жыл. Еркеғали Рахмадиевтің алғашқы операларының бірі — «Қамар сұлу». Шығарма Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аттас романы бойынша жазылған. Либретто авторлары — Б. Тәжібаев пен Нығмет Баймұхамедов. Операның премьерасы 1963 жылғы 15 сәуірде өтті. Алғашқы қойылымда Қамар партиясын Роза Жаманова, Ахмет партиясын Байғали Досымжанов орындады.

«Айсұлу». 1964 жылы композитор Сыдық Мұхамеджанов «Айсұлу» операсын жазды. Либретто авторлары — Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітов. Бұл шығарма композитордың опера жанрындағы алғашқы ірі еңбектерінің бірі болды.

«Таң шолпаны». Композитор Қапан Мусиннің «Таң шолпаны» операсы 1967 жылы жазылды. Ол Қазақстанның кәсіби композиторлық мектебінде опера жанрын игерген авторлардың бірі болды.

«Дала шапағы» — 1967 жыл. Еркеғали Рахмадиев, Алексей Бычков және Г. Гризбиль бірлесіп «Дала шапағы» операсын жазды. Либретто авторы — Дмитрий Снегин.

«Жұмбақ қыз». Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» операсы 1971 жылы жазылды. Либреттосын Софы Сматаев дайындаған. Шығарманың әдеби негізі Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасымен байланысты. Операда аңыздық сюжет, табиғат көріністері мен адам тағдыры қатар өрбиді.

«Алпамыс». Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы қазақтың белгілі батырлық жырына негізделген. Либретто авторы — Кәукен Кенжетаев. Операның алғашқы нұсқасы 1972 жылы жазылып, 1970-жылдардың басында сахналанды.

«Көңілді қалашық». Композитор Тимур Мыңбаев 1974 жылы «Көңілді қалашық» операсын жазды. Шығарманың либреттосын да композитордың өзі дайындаған.

«Еңлік – Кебек». Ғазиза Жұбанованың «Еңлік – Кебек» операсы Мұхтар Әуезовтің әйгілі трагедиясына негізделген. Либретто авторы — Сағи Жиенбаев. Операның алғашқы қойылымы 1975 жылғы 24 қаңтарда өтті. Қойылым режиссері — Әзірбайжан Мәмбетов, дирижері — Тұрғұт Османов. «Еңлік – Кебек» кейін бірнеше мәрте жаңартылып сахналанды.

«Садыр палуан». Құддұс Қожамияровтың «Садыр палуан» операсы 1977 жылы сахналанды. Либретто авторы — М. Абдурахманов. Шығарма ұйғыр халқының тарихи оқиғалары мен ерлік дәстүріне арналған.

«Қаңбақ шал» — 1979 жыл. Композитор Жолан Дәстеновтің «Қаңбақ шал» операсы қазақтың халық ертегісіне негізделген. Либретто авторы — А. Байғожаев. 1979 жылы жазылған шығарма балаларға арналған опера жанрының дамуына үлес қосты.

«Мен сенемін». Композитор Оразбек Несіпхановтың «Мен сенемін» («Я верю») атты бір актілі операсы 1979 жылғы шығармалардың қатарында аталады. Бұл шығарма Қазақстандағы шағын форматты опералық туындылар тарихына жатады.

«Алдар көсе» — 1980 жыл. Композитор Төлеген Мұхамеджанов «Алдар көсе» операсын жазды. Шығарманың негізіне қазақ халық ауыз әдебиетіндегі тапқыр, әділетсіздікпен күресуші Алдар көсе бейнесі алынған. Бұл опера ұлттық ертегі кейіпкерлерін кәсіби музыкалық театрға енгізудің бір мысалы болды.

«Тың туралы ән». Еркеғали Рахмадиевтің «Тың туралы ән» операсы 1980 жылы жазылған. Либретто авторы — Қалтай Мұхамеджанов. Опера кеңестік кезеңдегі тың игеру оқиғаларына арналған.

«Жиырма сегіз». Ғазиза Жұбанованың «Жиырма сегіз» операсы Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған. 1981 жылы жазылған шығарманың негізінде майдандағы жауынгерлердің ерлігі мен соғыс кезеңіндегі адамдар тағдыры жатыр. Операның тақырыбы Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің тарихымен байланысты.

«Ақан сері – Ақтоқты». Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсы 1982 жылғы 23 қаңтарда сахналанды. Либретто авторы — Ғабит Мүсірепов. Алғашқы қойылымда Ақан сері партиясын Кенжеғали Мыржықбаев, Ақтоқтыны Хорлан Қалиламбекова, Жалмұқанды Ғафиз Есімов орындады.

Қойылым режиссері — Бәйтен Омаров, дирижері — Валерий Руттер.

«Махамбет». Композитор Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсы 1986 жылы жазылған. Либретто авторы — Сағи Жиенбаев.

«Құрманғазы». Шығарманың бастапқы нұсқасын Ахмет Жұбанов қолға алған. Кейін оның қызы, композитор Ғазиза Жұбанова операны толықтырып, сахналық туынды ретінде аяқтады. Опера 1987 жылғы 24 қаңтарда сахналанды.

Алғашқы қойылым режиссері — Байғали Досымжанов, дирижері — Төлепберген Әбдірашев. Құрманғазы партиясын Ғафиз Есімов орындады.

Тәуелсіздік кезеңіндегі опералар: 1991–2010 жылдар

«Абылай хан». Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан» операсы қазақ тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Абылай ханға арналған. Шығарма 1990-жылдардың соңында жазылып, 2004 жылы Алматыда сахналанды.

Қойылымды дайындауға белгілі опера орындаушылары Шахимардан Әбілов, Гүлзат Дәурбаева, Дина Хамзина және басқа да әншілер қатысты.

«Домалақ ене». Композитор Дәулет Ботбаев «Домалақ ене» операсын 2005 жылы аяқтады. Шығарма қазақ халқының тарихи жадында ерекше орын алатын Домалақ ана тұлғасына арналған. Либретто авторлары — М. Исақбай мен Н. Оразалин.

«Томирис». Композитор Алмас Серкебаевтың «Томирис» операсы сақ патшайымы Томиристің тарихи бейнесіне арналған. Шығарма 2006 жылы жазылып, 2007 жылы Алматыда сахналанды. Либретто авторы — Ләйлім Иманғазина. Операның әдеби негізінде жазушы Болат Жандарбековтің сақтар туралы тарихи шығармасы жатыр.

«Қалқаман – Мамыр». Композитор Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» шығармасы опера-балет жанрында жазылған. Либретто авторы — Кәукен Кенжетаев. Опера-балеттің премьерасы 2007 жылғы 19 қаңтарда өтті. Қойылымның дирижері — Әлихан Ыдырысов. Қалқаман партиясын Жандос Әубәкіров, Мамыр партиясын Гүлфайрус Құрманғожаева орындады.

«Отырар шайқасы» — 2007 жыл. Композитор Марат Маңғытаевтың «Отырар шайқасы» операсы Отырар қаласының тарихына арналған.

«Бейбарыс сұлтан» — 2007 жыл. Айтқали Жайымов пен Арман Жайымовтың «Бейбарыс сұлтан» операсы қыпшақ даласынан шыққан мәмлүк билеушісі Сұлтан Бейбарыстың өміріне арналған. Либретто авторларының қатарында Ұлықбек Есдәулет пен Айтқали Жайымов аталады.

«На сайте Mail.Ru» . Композитор Бакир Баяхуновтың «На сайте Mail.Ru» камералық операсы 2008 жылы жазылды. Бұл шығарма қазіргі замандағы интернет арқылы қарым-қатынас жасау тақырыбына арналған. Опера 2013 жылғы 10 қыркүйекте Алматыда орындалды. Оған Александр Сметанин мен Софияна Благодарная қатысты. Фортепианода Найлә Баяхунова сүйемелдеді.

Қазіргі кезеңдегі опералар: 2011–2026 жылдар

Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа опералар жазу дәстүрі жалғасып келеді. Композиторлар тарихи тақырыптарға қайта оралып қана қоймай, заманауи музыкалық театрдың жаңа мүмкіндіктерін де іздестіруде.

«В тот день осенний». Бакир Баяхуновтың «В тот день осенний» камералық операсы 2017 жылы жазылған. Шығарма қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірімен байланысты. Операның сахналық орындалуы 2025 жылғы 8 желтоқсанда Алматыда өтті. Мағжан партиясын Александр Сметанин, Зүлейханы Софияна Благодарная орындады. Орындаушылар қатарында Балуан Біркенов те болды. Фортепианода Найлә Баяхунова сүйемелдеді.

«Домалақ ана». Композитор Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсы 2021 жылы Шымкент қаласында сахналанды. Либретто авторы — Асхат Маемиров. Шығарманың сахналануына әнші әрі театр басшысы Майра Мұхамедқызы бастамашы болды. Қойылым режиссері — Михаил Панджавидзе.

«Жамбыл жырау». Әлқуат Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсы 2021 жылы сахналанды. Либретто авторлары — Дархан Қыдырәлі мен Ақеділ Тойшанұлы. Опера қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған. Қойылым режиссері — Динара Әкімбаева.

«The Bruce» — 2024 жыл. Қазақстандық жас композитор Рахат-Би Әбдісағиннің «The Bruce» операсы шотланд халқының тарихи тұлғасы Роберт Брюске арналған. Шығарма 2024 жылғы 17 ақпанда Шотландияның Глазго қаласындағы кафедралдық соборда алғаш рет орындалды.

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» — 2024 жыл. Композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Алтын Орда мемлекетінің қалыптасу тарихына арналған. Либретто авторы — Маралтай Ыбыраев. Шығарма драматург Алмас Нүсіптің пьесасына негізделген. Операның премьерасы 2024 жылғы 29 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Қойылым 30 қараша мен 1 желтоқсанда да көрсетілді. Режиссері — италиялық Давиде Ливермор, дирижері — Нұржан Байбосынов. Басты орындаушылар қатарында Зарина Алтынбаева, Евгений Шагаров және Гүлзат Дәурбаева болды.

«Қыпшақ қызы Аппақ». 2026 жылғы 21–22 мамырда «Астана Опера» театрында «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьерасы өтті. Шығарма авторлары — Серікжан Әбдінұров пен Әліби Әбдінұров. Либреттосын Тілеуғазы Бейсембек Ғабит Мүсіреповтің «Қыпшақ қызы Аппақ» драмасының желісімен жазған. Қойылымның музыкалық жетекшісі әрі дирижері — Абзал Мұхитдинов, режиссері — Михаил Панджавидзе.

Қазақстандағы опера өнерінің тарихында жоғарыдағы тізімнен бөлек, өзге де бірнеше шығарма бар.  Композиторлардың шығармашылық мұрасында аяқталмаған немесе толық сахналық нұсқасы жасалмаған опералар да кездеседі. Олар:  «Нияз бен Раушан». Мұқан Төлебаевтың аяқталмаған шығармаларының бірі. Операның жазылуы 1950-жылдарға жатады;  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Мұқан Төлебаевтың тағы бір аяқталмаған опералық жобасы. Композитор бұл туындыны толық аяқтап үлгермеген;  «Боранды Едіге». Ғазиза Жұбанованың Шыңғыс Айтматов шығармашылығымен байланысты опералық еңбегі; «Төле би». Композитор Жұбан Тұрсынбаевтың 1995 жылғы операсы. Шығарма клавир деңгейінде аяқталған, алайда оның толық сахналануы жайлы дерек жоқ.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.