Қазақстан ерлер құрамасы шпагамен семсерлесуден Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңартылған рейтингіде ұлттық құрама 354 ұпай еншілеп, Франция (310 ұпай) мен Швейцарияны (296 ұпай) артта қалдырды. Үздік бестіктің қатарына Италия (286 ұпай) мен Украина (280 ұпай) да кірді.
ҚР ҰОК мәліметінше, бұл тарихи жетістікке қазақстандық шпагашылар ірі халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуінің арқасында қол жеткізді. 2025 жылы қарашада ұлттық құрама Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарды. 2026 жылғы маусымда Үндістанның Нью-Дели қаласында Азия чемпионы атанса, шілдеде Қытайдың Гонконг қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ал биыл күзде Аичи мен Нагояда (Жапония) өткен Азия ойындарында да жеңіске жетті.
Жаңа маусым басталар алдында Қазақстан әлемдік рейтингіде үшінші орында тұрған еді. Ол кезде Швейцария мен Франция құрамалары алда болды. Қазақстан құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Осы жеңістің арқасында ұлттық құрама әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Осылайша қазақстандық семсерлесушілер 2026/27 жылғы маусымды сәтті бастады.
Касабланкадағы жарыста Қазақстан намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов қорғады. Шешуші кездесуде қазақстандықтар Ресей құрамасын 45:40 есебімен жеңді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.