Әйел денсаулығы: үнсіз қауіп, өзекті мәселе

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының әйел­дер қанаты «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы ая­сын­да Тараз қаласындағы еңбек ұжымдарында ақпарат­тық кездесулер өткізді. Алты мекемені қамтыған кез­десулерге нәзік жандар қаты­сып, сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау жол­дары туралы ақпарат алды.

Кездесулер Мектеп олимпиадаларын және мек­тептен тыс іс-шараларды өткізу облыстық орта­лығында, «Білім» кәсіби-гуманитарлық-техникалық колледжінде, «ТаразЭнергоОрталығы» АҚ-да, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында, №35 бала­бақшада және №53 мектеп-гимназияда ұйымдас­тырылды.

Ақпараттық кездесулерге дәрігер-онколог Ари­бжан Юсантаев қатысып, әйелдерге сүт безі обырының алғашқы белгілері, қауіп факторлары және ауруды ерте анықтаудың маңызы туралы түсін­дірді. 

Жамбыл облыстық көпбейінді онко­логия және хирургия орталығының мәлі­метінше, қазіргі уақытта өңірде сүт безі обыры диагнозымен 2 126 әйел диспан­серлік есепте тұр. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 94 әйел есепке алынған, олардың 64-інде ауру скринингтік тексеру барысында анықталған. Ал 1 204 әйел диагноз қойылғаннан кейін бес жыл және одан да ұзақ уақыт өмір сүріп келеді.

Сонымен қатар «Әділет» партиясы мен облыстық онкологиялық орталықтың бірлескен жұмысы аясында шалғай аудандар мен ауылдарда медициналық керуен ұйымдастырылып, 100-ден астам әйел скринингтік тексеруден өтті.

Дәрігер-онколог Арибжан Гайратович сүт безі обырының алғашқы белгілерін елемей қалмауға және профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырды.

– Сүт безі обыры бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Дегенмен сүт безінде түйіннің пайда болуы, пішіні мен көлемінің өзгеруі, терінің тартылуы, емізік ұшының ішке қарай тартылуы немесе одан бөлінді шығуы сияқты бел­гілерге мән беру қажет. Мұндай өзгерістер байқалған жағдайда дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн. Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, ал уақытылы қойылған диагноз емді дер кезінде бастауға жол ашады, – дейді дәрігер-онколог.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы әйелдер қанаты төрағасының орынбасары Дәмеш Үскімбаева респуб­ликалық акцияның маңызына тоқталды.

– Әйел денсаулығына көңіл бөлу – әр отбасы үшін маңызды. «Әйел өмірі үшін» акциясының негізгі мақсаты – сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау жолдары туралы ақпарат тара­тып, әйелдердің медициналық тексеру­лерден уақытылы өтуіне ықпал ету. Біз еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу арқылы әр әйелге қажетті ақпаратты жеткізіп, өз денсаулығына жауапкер­шілікпен қараудың маңызын түсіндіруді көздейміз, – деді Дәмеш Үскімбаева.

«Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясындағы ақпараттық кездесу­лер Тараз қаласында да жалғасты. Екі күнге жоспарланған кездесулер бары­сында барлығы 500-ге жуық әйелге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы