Қызылорда қаласында Арал аймағының табиғатын сақтауға және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның 10 өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 100 волонтер және Қызылорда облысының 500-ден астам белсенді студенті мен ерікті жас қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Баянды бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылып отыр. Салтанатты рәсімге Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары волонтерлік қозғалыстың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, экологиялық бастамалардың өзектілігін атап өтті.
«Бүгінгі басқосудың Сыр өңірінде өтуі және апталықтың „GREEN ARAL“ деп аталуы айрықша мәнге ие. Бұл қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Арал өңірінің тағдырына деген ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейтін маңызды бастама десек болады. Қай кезде де Арал мәселесі еліміздің ғана емес, әлемнің назарындағы өзекті тақырып саналады. Сондықтан табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық түйткілдердің тиімді шешілуіне өз үлесімізді қосу әрбірімізлің ортақ міндетіміз», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Шара барысында аймақтағы волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова волонтерлік бастамаларды қолдаудың маңызын атап өтті. Ал «Ұлттық волонтерлік желі» төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Вера Ким Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Жалпы бұл халықаралық апталық жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға негізделіп отыр. Соған орай қатысушылар бағдарлама аясында өзара тәжірибе алмасып, өздерінің экологиялық жобалары мен бастамаларын таныстырады. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырады.
Бұдан бөлек, белсенді жастардың тәжірибе алмасып, өзара байланысын нығайту мақсатында «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылды.
Негізінен «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы экологиялық волонтерлікті дамытуға, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы