Сарандағы серпіліс

Бұдан екі жыл бұрын Қарағанды облысына қарасты Саран қаласы экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізілген ауқымды жұмыс нәтижесінде Экономика министрінің бұйрығымен моно­қалалар санатынан шығарылды.

Бұл – 2021 жылы Saran индустрия­лық аймағы іске қосылып, табысты жұмыс істеп, бірқатар ірі жобаның іске асуының нәтижесі. Бүгінде Саран кейсіне рес­публикада қызығушылық жоғары, қазір қаланың өнеркәсіптік қуаты сенімді түрде артып келеді.

Осы уақытқа дейін қалада са­лын­ған жаңа зауыт­тар арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашыл­ды. Алдағы уақытта бұлар­дың са­ны көбейе түспек. Мә­селен, жаңа кә­сіпорындардың ашылуы нәтиже­сінде 3,5 мыңға жуық адам жұмыс­пен қамтылады. Бұл индустриялық аймақ қаланың да гүлденуіне жол ашып отыр. 

Қарағанды облысында Саран қа­ласы индустрия­лық дамуын қар­қынды жалғастырып келеді: мұнда жыл сайын 3-4 жаңа жоба іске асы­ры­лады. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі 1,6 есеге өсіп, оның басым бөлігін өңдеу өнеркәсібінің өнімі құрайды. Биыл инвестиция көлемі 156,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Саран қаласының әкі­мі Дарын Бұл­қайырдың пікірінше, бұл үдеріс Үкімет қолдауымен және бизнес өкілдерінің қатысуымен жү­зеге асқан. 

– Өсімнің негізгі драйвері – ин­дуст­риялық ай­мақ. Мұнда жалпы құны 346 млрд теңгеден асатын 8 ірі жо­ба іске асырылды. Толық қуатқа шық­қан кез­де олар шамамен 4 мың жұ­мыс орнын құрады. Қазір 2300 адам жұмыспен қамтылды, – дейді ол.

Қаланың бас жобасы бойынша 2026 жылы жалпы құ­ны 107,7 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іс­ке қосу жоспарланған. Олар: по­лиэтилен құбыр­лары мен фитингтер өндірісінің екінші кезеңі, жеңіл автокөліктер шығару, жылу оқшау­ла­ғыш материалдар өндіру және HOWO маркалы жүк көліктерін құрас­тыру. 

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес те дамып келеді: Саранда 2800-ден астам кәсіпкерлік су­бъек­тісі жұмыс істейді, онда 7 мыңнан астам адам еңбек ете­ді. Сауда және қызмет көрсету салаларында жаңа жо­балар іске асырылып, кәсіп­кер­лерге гранттар мен суб­сидиялар берілу­де. 

– Мемлекет басшысы тың тә­сіл­дерді іздеу және мо­ноқалаларда жаңа салаларды дамыту міндетін қой­ды. Үкіметтің қолдауымен Са­ран индустриалды ай­м­ағы құрылды. Бұл қала экономикасын әртарап­тан­­дыруға септігін тигізді. Бүгінде Саран моноқала емес. Шаһар Қара­ғандының халық саны күн санап өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұра­ны­сы ұлғайған, за­манауи инфра­құ­ры­лымы, жаңа әлеуметтік энер­гия­­­сы бар өнеркәсіптік серіктесіне ай­налды, – дейді облыс әкімі Ерма­ған­­бет Бөлекпаев.

Бүгінде Саран қаласында ком­муналдық сала да, әлеуметтік инф­ра­құрылым да жүйелі түрде дамып ке­­леді. Жүздеген көпқабатты тұр­ғын үйді, ондаған әлеуметтік ны­сан­ды орталық қазандықтан үздік­сіз жылу­­мен қамтамасыз етіп отыр. IT-орталықтар, спорт алаңдары жә­не жастарға арналған орындар ашы­­­ла бастады. Осы атқарылып жат­қан ілкімді істер­г­е қарап, Саранды болашақтың қаласы деп атай ала­мыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы