Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл жалпы егіс алқабы 691,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 288 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 215 мың гектарға, майлы дақылдар 184 мың гектарға егілді. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Әр гектардан орта есеппен 21 центнер өнім жиналып, бастапқы салмақта 605 мың тонна астық бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Жекелеген шаруашылықтарда күздік бидайдың өнімділігі гектарына 60-70 центнерге дейін жетті.
Майлы дақылдарды жинау жұмыстары әлі жалғасуда. Бүгінге дейін 87 мың гектар алқаптан 63 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар 28 мың тонна картоп, 25,2 мың тонна көкөніс және 20,8 мың тонна бақша дақылдары алынды. Бақша дақылдарын жинау толығымен аяқталды. Сонымен бірге аграршылар келер жылғы өнімнің негізін қалауда. 2027 жылғы егінге арналған күздік дақылдар егу жұмыстары 92 мың гектар алқапта аяқталды. Оның ішінде 81,4 мың гектарға күздік бидай, 10,1 мың гектарға күздік қара бидай егілді.
Мал шаруашылығы кәсіпорындарының алдындағы басты міндет – 1,247 мыңнан аса мал басын қыстан аман алып шығуды қамтамасыз ету. Ол үшін облысқа 2,29 млн тонна шөп, 271,5 мың тонна құнарландырылған жем, 14,8 мың тонна сүрлем және 11,6 мың тонна пішендеме қажет. Шабындық алқаптардың өнімділігі жоғары болғандықтан, биыл шөптің орташа түсімділігі гектарына 4,7 центнерді құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,3 центнер болған еді.
Қазір 2,75 миллион тоннадан астам шөп дайындалды. Бұл жоспардың 120 пайызына тең. Өткен жылдан қалған қорды қоса есептегенде, шөп қоры 2 млн 898,8 мың тоннаға жетті. Бұл қажеттіліктің 126,1 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, 100,1 мың тонна құнарландырылған жем, 16,1 мың тонна сүрлем және 7,8 мың тонна пішендеме жиналды.
– Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін облысқа 11,2 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді. Бүгінде оның 5,1 мың тоннасы игерілді. Қалған көлем егін жинау мен мал азығын дайындау жұмыстарын толық аяқтауға артығымен жетеді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.
Қазір облыста бейімделген 11 сүт фермасы, өнеркәсіптік үлгідегі алты тауарлы сүт фермасы және бес ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді.
Мемлекеттік қолдауға «Арыстанов» шаруа қожалығы, «Төлеңгіт» шаруа қожалығы, «Amanat» шаруа қожалығы, Ringo Milk ЖШС және «КТК-888» ЖШС ие болды. Биыл «КТК-888» ЖШС кешенді 1 000 басқа дейін кеңейту жұмыстарына кірісті. Жобаларды жүзеге асыру үшін өнімділігі жоғары 1,5 мыңнан астам асыл тұқымды аналық мал әкелінді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары сүт бағытындағы 8,2 мың бас ірі қара сатып алды.
Сүтті қайта өңдеумен жылдық жалпы қуаты 20,9 мың тоннаны құрайтын алты кәсіпорын айналысады. Олардың қатарында ірі кәсіпорындар саналатын «Орал сүт зауыты» ЖШС, «Береке» ЖШС және «Каверина С» жеке кәсіпкерлігі бар.
Қайта өңдеу қуаттарын арттыру мақсатында Amanat шаруа қожалығы мен «КТК-888» ЖШС өздерінің өңдеу цехтарын салуда. Орал сүт зауыты өндіріс қуатын 10 мың тоннаға арттыра отырып, кәсіпорынды жаңғыртуға өтінім берді. Кеңейту жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорын кооперативтер мен жеке қосалқы шаруашылықтардан табиғи сүт сатып алу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен «Берекет» шаруа қожалығында 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аталған жобалардың іске қосылуы сүт өндірісін қосымша 6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өңірдің өз өндірісіндегі сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу көлемін қазіргі 28,7 мың тоннадан 48 мың тоннаға дейін, ал жергілікті өніммен қамту деңгейін 25,6 пайыздан 43 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
2023-2025 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал 2026-2028 жылдарға жалпы сомасы 26 млрд теңге болатын тағы 11 жобаны іске асыру жоспарланған.
Инвесторларға өндіріс орындарын салу және кеңейту үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алу және инвестициялық субсидияларға қол жеткізу мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының техникалық базасы да жаңартылуда. 2023 жылдан бері облыстың машина-трактор паркі 16,5 пайызға жаңарды. Өңірдің мал шаруашылығына мамандануын ескерсек, мал азығын дайындайтын техникаға сұраныс жоғары. Сатып алынатын машиналардың 90 пайыздан астамы отандық өндірістен шыққан.
Тек биылғы 9 айда облыс шаруашылықтары 21 млрд теңгеге жуық 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Осылайша, 2025 жылдың қорытынды көрсеткіштерінен де асып түсті. Бұл – облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өңірлік нарықтағы жергілікті өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
М.ЖАЛҒАСҰЛЫ