Тежеу мен теңгерім тетігі

Президент тапсырмасымен жүзеге асқан халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту бастамасының қорытындысы шығарылды.

Кейінгі жылдары қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың тұтынушылық несие алу қарқыны екі еседей азайған. Реттеуші өзіне өтінішпен жүгінген мұқтаж борышкерлердің қарызын барынша жеңілдетуге банктерді міндеттепті. Сонымен бірге банктерге қатысты шағым көбейген. Салада не болып жатыр? Өзгерістер нендей игілік әкелді?

Түйткілді ахуал түзелді ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел тұрғындарының тұтынушылық кредитпен шектен тыс елігуіне алаңдаушылық білдірді. Себебі соның кесірінен банктердің бизнесті қаржыландыру көлемі жылдар бойы азайып келе жатқан еді. 

– Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15% болды. Бұған негізінен банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды, – деді Мемлекет басшысы. 

Ол 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі және ізінше қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегеніне назар аудартты. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін Президент Үкімет пен жауапты ұйымдарға жаңа әрі жүйелі шаралар қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыруды тапсырды. 

Содан бері 3 жыл өтті, не жасалды? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, ахуал түпкілікті өзгерген. Президент нұсқаған түйткілдер түзелген. Биылдың өзінде бизнеске арналған кредиттер 3,5%-ға ұлғайып, 16 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1%-ға өсіп, 12,5 триллион теңгені құрады. Реттеу шараларының нәтижесінде 7 ай ішінде тұтынушылық несиенің өсімі 4,6%-ға дейін баяулады. 

Биылғы шілдеден бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.

Бірақ қаржылық қызметтерді тұтыну­шылардың құқығын қорғау осымен тәмам­далмайды: оған тың қарқын берілмек. Бұл жұмыс халықтың шектен тыс несиелен­дірілуін төмендету, проблемалы берешекті реттеу, азаматтардың шағымдарын қарау сапасын арттыру және қаржылық алаяқ­тықпен күрес сияқты бірнеше бағытта жалғасын тапқан.

Жауабы емес, шешімі маңызды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қас­ымованың айтуынша, кепілсіз тұтынушы­лық кредит беруді шектеу мақсатында қа­былданған шаралар кредиттік портфелдің өсуін бәсеңдетуге едәуір ықпал еткен. 

– Кейінгі екі жылда борыш жүктемесі коэффициентіне қойылатын талаптар қатаңдатылды. Несиесінің төлемін енгізбегеніне 90 күннен асып кеткен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салынды. Тұтынушылық кредиттің сомасы шектелді. Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті, жоғарғы көлемі азайтылды. Қадағалау шаралары күшейтіліп, банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптар енгізілді. Осылардың нәтижесінде портфельдің өсу қарқыны 2025 жылғы тамыздағы 14,6%-дан 2026 жылғы тамыздағы 7,5%-ға дейін, шамамен екі есеге азайды, – деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге агенттік төрағасы осы тақырыптағы шағымдар легі толастамай тұрғанын жасырмады: берешекті реттеудегі проблемалар – азаматтардың агенттікке жүгінуінің негізгі себебінің бірі болып қал­ды. 2029 жылғы 9 айда 144,3 мың арыз-шағым қаралыпты. Соның ішінде 48%-ы – банк секторына, 33%-ы – микро­қаржы ұйымдарына, тағы 9%-ы коллектор­лық қызметтерге қатысты. Берешекті реттеуден бөлек, азаматтар шоттарға тыйым салу және бұғаттау, алаяқтық пен кредиттік тарих мәселелері бойынша шағымданады.

Осыған байланысты агенттік бүгінде кредиторлардың проблемалық қарыз алушылармен жұмысына ерекше назар аударып отыр. Қаржы ұйымдарына – банктер мен МҚҰ-ларға халықтың шамадан тыс кредит алуын ары қарай азайту жөніндегі ұсынымдар берілді. Берешекті реттеу шараларын қабылдау, соның ішінде қарызды кешіру, өз пайдасын бірінші орынға қоймай, қарыз алушылардың кірісі мен нақты мүмкіндіктеріне сай келетін шешімдерді ұсыну жүктелді. 

– Банктер, микроқаржы ұйымдары және нарықтың басқа да қатысушылары өз клиенттерінің мәселелерін бірінші кезекте өздері шешуге тиіс. Бұл жауап­кершілікті мемлекеттік органдарға жүктей салмауы керек. Банктер мен МҚҰ-ларда клиенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімшелер құрылды. Енді олар арыз-шағымдарды мәніне қарай мұқият қарауға және оларды реттеу үшін тиімді шаралар қабылдауға міндетті, – деді агенттік басшысы. 

Оның түсіндіруінше, жаңа құрылым­дардың жұмысының тиімділігі шағым­данушыларға жауапты дер кезінде жіберуіне, сондай-ақ клиенттердің көкейтесті мәселелерін шешу нәтижелеріне қарай бағаланбақ.

Несие шектелді, мүмкіндік шектелмесін

Президент тапсырмасымен қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға жеке мән берілуде екен. Алаяқтық жолмен қарыз рәсімдеудің алдын алу үшін «шешім қабылдау кезеңі» (салқындату кезеңі) енгізілді. Қарыз алушы небәрі бір күн ішінде жалпы сомасы 150 АЕК-тен асатын бірнеше микрокредит рәсімдесе, онда банктер мұндай онлайн тұтынушылық заем бойынша ақша аударуды бұғаттап, кейінге қалдыруға тиіс. Сондай-ақ интернет арқылы ресімделген, сомасы 150 АЕК-тен асатын кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша да «салқындату кезеңі» енгізіледі: қаражатты 24 сағаттан ерте беруге тыйым салынады және борышкерден «Электрондық Үкімет» веб-порталы арқылы арнайы келісімді растауы талап етілмек.

Мұның сыртында өмірінде тұңғыш рет банктік не микро несие алып тұрса, ондай адамнан филиалға өзі келіп, рәсімдеу ісіне жеке қатысуы талап етіледі. Бұл ешқашан қарыз алмайтын азаматтарды, соның ішінде қарияларды алаяқтардан қорғауға бағыт­талған. Дәл осы мақсатта 21 жасқа толмаған жастарға және 55 жастан асқан егде адамдарға тек олардың рәсімделген келісімін алғаннан кейін ғана тұтынушылық банктік заем немесе микрокредит беру талабы енгізілді. 

Бұған қоса, онлайн-қарыздарды ресімдеу кезінде Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы биометриялық сәйкес­тендіру көзделеді. Кредиттік бюролар Ұлттық банктің Антифрод-орталығына қосылды, сөйтіп олар бір адамның бірнеше өтінім беруі дерегін нақты уақыт режимінде алмаса алады. Сондай-ақ банктердің мобильді қосымшаларында да сессиялық антифрод жүйесі енгізіліпті. 

Ұсынылған деректерге сәйкес, алаяқтық жолмен ресімделген қарыздардың саны 2024 жылғы 8,7 мыңнан 2026 жылы 1,9 мың­ға дейін азайған. Ендігі жұмыс банк­тердің антифрод-жүйелерін жетілдіруге және олардың алаяқтық операцияларды анықтау мен алдын алудың тиімділігін бағалау үшін тәуелсіз аудит жүргізуге бағдарланбақ.

Қалай болғанда да, несие нарығындағы тәртіп күшейген сайын қаржы ұйымдары мен азаматтар арасындағы сенімнің де жаңа деңгейге көтерілгені маңызды. Сенім үстемдік құрған жерде тұтынушылық кредит адамның қаржылық тығырыққа тірелгенін, әлсіздігін пайдаланатын құралға емес, оның мүмкіндігін арттыратын тетікке айналады.

Елдос СЕНБАЙ