Маскасыз Қазақстан
Маскасыз Қазақстан
104
оқылды
  Коронавирус дерті өршіп тұр. Адамзаттың жаңа індет­тен сақтануға қауқары жетпей жатқан секілді. Бұл дерт әлем­нің көптеген еліне тарап кетті. Әлем медицинасы адам­­­затты сақтау жолында кү­ре­сіп жатыр. Адамдар да өз өмі­­рін сақтап қалу үшін жанта­ласуда. Коронавирус дерті қазақ елін айналып өтпеді. Қазақстанның екі бірдей қаласы карантинге жабылды. Өңірлердегі ахуал тұ­рақты болмай тұр. Шымкенттегі қауіп­сіздік шараларын күшейту қолға алынды. Қарағанды, Ақ­төбе, Жамбыл, Солтүстік Қа­зақстан облыстарында қауіпсіз­дік шаралары күшейген. Қазақстан­дық­т­ардың өмірін сақтау үшін ме­дицина қызметкерлері де аян­бай еңбек етуде. Дәрігерлер жиі ескертіп жатқан дүниенің бірі – та­залық. Ең алдымен, қолды жиі са­бындау жуу керегін әрі мас­ка та­ғыну қажет екенін жиі ай­тады. Алай­да жұртшылық масқа жетіспеу­шілігіне алаңдаулы. Өңірлерді айтпа­ғанның өзінде ірі қала­ларда да маска қоры аз. «Маска тап­шылығын халықтың өзі тудыр­ды. Шын мәнінде, мас­каны ауыр­ған адам өзгелерге жұқтырмас үшін тағуы тиіс бола­тын» деген пікірлер де кездеседі. Нұр-Сұлтанның өзінде көп дәріха­налардан маска табу мүмкін емес. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Біздің өзіміздің маска өндірушілеріміз бар. Бы­лтыр масканың 80 пайызы өзі­мізде дайындалса, 20 пайызы – им­порт­талған өнімдер. Биылғы қалыптасқан жағдай, елдер ара­сын­дағы тауар мен шикізат айна­лымына тыйым салыну, әрине ішкі нарық пен өндіріске әсер етті. Дегенмен қазір бұл мәселе шешімін тапты. Арнайы жедел штаб біздің өндірушілермен күн­делікті режимде жұмыс істеп жатыр. Штаб маскалардың меди­ци­налық ұйымдар мен нарық үшін өндірілуін реттейді» деген болатын. Алайда министр шешімін тапты дегенімен, масканың жыры әлі де сол баяғы күйінде тұр. Шешімі жоқ мәселе. Маска жетіспеушілігі бір бөлек те, қол­данылған масканың жыры бір бөлек. Кей масканың қолдану ұзақтығы – 2-3 сағат, кейбірі 12 сағат қолдануға жарамды. Жарамсыз маскалар қайда ке­тіп жатыр? Қоқыс жәшігіне са­лынса жарады, кей маскалар көше­нің кез келген бұрышында ша­шылып жатыр. «Қолданылған мас­каларды қайта сатып жүрген алыпсатарлар бар екен» деген әңгімелерді де ауық-ауық естіп қаламыз. Алыпсатар демекші, маска жетіспеушілігінің бір ұшы осында жатқан секілді. Әу баста масканың дені алыпсатарлардың қолына өтіп кеткен еді. Олар 15-20 теңгенің маскасын 300 тең­геге дейін апарған. Кейін Үкімет маска нарығын қайта реттеп, алыпсатарлардың жолын кесті. Тіпті, кей өңірлерде қыруар мас­ка­ны заңсыз сатып алғандар да әш­кере болған еді. Соның өзінде бет­перде жетіспеушілігі әлі де күн тәр­тібінен түскен жоқ. Дені сау адамдарға маска тағу­дың да қажеті бар ма? Денсау­лық сақтау министрлігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дарды сараптау ұлттық орталы­ғының» бас директоры Арнұр Нұртаев «Өкінішке қарай, меди­ци­налық масканы барлық адам жап­пай сатып алып жатыр. Әлем ма­мандары, АҚШ-тың басты эпи­демиологы тек жіті респираторлық вирус ауруын жұқтырғандар ғана киюі керек екенін айтып жүр. Яғни, тұмау секілді ауа-тамшы жо­лы­мен жұғатын ауру белгілері байқалған адам вирусты таратпау үшін маска киюі қажет. Сау адам­дардың маска киюі міндетті емес» дейді. Әлемде қалай? Гонконг, Сеул немесе Токиода маскасыз жүр­сеңіз, сізге біртүрлі «жақтырмай» қарауы мүмкін. Ұлыбритания, АҚШ, Мәскеу, Сидней мен Сингапурда көше бойымен ашық жүру әлі де қолайлы. Коро­навирус індеті басталған кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тек екі санатта: ауру белгісі бар адамдарға және онымен байланыста болған жандарға ғана маска кию қажет екенін айтқан еді. Оның үстіне, ол вирустан қор­ғайтын сенімді қорғаныс емес. Дәрігерлер қолды сабынмен жиі жуу әлдеқайда тиімді екенін ай­тады. Әйтсе де, Азияның кейбір елдерінде маскалар міндетті түрде кигізіледі. Мұның басты себебі, өзін және басқаларды қор­ғаудың қауіпсіз әдісі ретінде қарастырылған. Қытай, Гонконг, Жапония, Таиланд және Тайваньда сау адам­ның өзі вирусты тасымалдаушы бола алады деп болжайды. Сон­дықтан ізгіліктің белгісі ретінде маска киген адам басқаларды да инфекциядан сақтайды деп тү­сінеді. Кей елдердің билігі бар­лығын бетперде киюге міндет­тейді. Тіпті, Қытайдың кей айма­ғында маскасыз жүрген адам­дарды қамауға алуы немесе айып­пұл салуы мүмкін. Ал Индонезия мен Филиппиннің үлкен қалаларында инфекция тіркелмесе де, адамдар өздерін қорғау үшін мас­ка кие бастады. Маскалар­ды көптеп пай­далану коронавирус­тың қауіпті екенін ғана еске түсіре­тін нәрсе емес, тіпті жеке гигие­на­ны сақ­таудың бір түрі болып саналады. «Үйден шықпай тұрып, күн сайын бетперде кию – бұл салт, яғни шапан киюдің бір түрі секілді. Кез келген рәсімді орын­дау кезінде адам осы ерекше форманы бей­нелейтін ережелерді ұстану қажет екенін сезінеді: гигиена ережелерін сақ­таңыз, адам­дар көп жүретін жерлерден аулақ жүріңіз және қашықтықты ұстаныңыз деген секілді», – дейді Гонконг ғы­лым және технологиялар универ­ситетінің мінез-құлық экономика­сының профессоры Дональд Лоу. Ал Гонконг университетінің эпидемиологы Бенджамин Кау­лингтің айтуынша, «маскалар тиімсіз деп айта алмаймыз. Өйт­кені ол қандай да бір қорға­нысты қамта­масыз етеді. Сол себепті де ме­дицина қыз­меткер­ле­ріне береміз», – дейді. Бір қызығы, маска жетіспейтін елдер де баршылық. Мәселен, Жапония, Индонезия және Таиланд елдерінде тапшы болса, Оңтүстік Корея оны сыртқа шы­­ғаруға немесе сатуға шектеу қой­ды. Сондай-ақ бір реттік мас­каларды қайта пайдаланып жүргендер де табылады. Тіпті, қара базардан сатып алатындар мен сапасыз, пайдасыз бетпердені киетіндер де жеткілікті. Деректерге қарағанда, Лондон көшелерінде де жаппай маска кигендерді кездестірмейді екенсіз. Арасында бетпердесіз жүргендер де табылады. Әуелде бейғамдық танытқандар көп болыпты. Соңғы күндері карантин басталып, қауіп­сіздік шаралары күшейгеннен кейін ғана жаппай маскаға бет бұра бастады. Адамдар көп шоғырланатын жерлерден қашып, оқшаулануға тура келді. Маска демекші, Лондон дәріханаларында да оның тапшылығы байқала бастады. Тіпті, бағасы да күрт қымбаттап кеткен. Сол себепті де маскасыз жүргендердің қара­сы азаймаған. Мәскеу де әзірге Лон­донның күйін кешіп тұр. Онда да маскасыз жүргендер жетерлік. Оны дәріханалардан табу мүмкін емес, әрі бағасы да қымбат. Демек, бұл – Қазақстан ғана емес, әлемнің кейбір елдері де маска тап­шылығын сезіне бастады деген сөз.   P.S.

«Жұп-жұқа, биттің қабығындай дүние қорғаныс бола алмайды» дейтіндер де табылар. Дегенмен қазақта «сақтансаң – сақтайды» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Мейлінше сақтану шараларын қолдансақ, қауіптің бетін сейілтер едік. «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол іздеген» дұрыс-ақ.

 

 width=       Гүлзина БЕКТАС