16 қазан күні Алматыда «Республика күні» қарсаңында «Адал қоғам» жобасы аясында зияткерлік AI-боттарын әзірлеу бойынша байқау өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бірлесіп ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Байқау барысында студенттер мен магистранттар жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы «Адал қоғам», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» сияқты қоғамдық маңызы бар жобалар туралы мәлімет беретін AI-боттарын таныстырды. Қатысушылар өздерінің технологиялық шешімдерін ұсынып, олардың функционалдық мүмкіндіктерін, қолдану ерекшеліктерін және қоғамға тигізер пайдасын көрсетті. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы КММ директорының орынбасары Әл-Фараби Нұрбекұлы Болатжан байқаудың мақсаты мен әзірленетін боттардың негізгі міндеттеріне тоқталды.
«Іс-шараның атауы байқағаныңыздай, бұл – AI-боттарды әзірлеу. Бұл қандай AI-боттар? Бұл боттар біздің Республикамыздың, еліміздің ішкі саясатындағы және идеологиялық жұмыстарының негізгі бағыттары туралы, құндылықтары мен қағидаттары туралы жүйелі түрде ақпарат бере алатын бот», – деді Әл-Фараби Нұрбекұлы.
Оның айтуынша, байқау аясында әзірленетін цифрлық өнімдер азаматтарға қоғамдық жобалардың мақсаттары мен міндеттерін түсінуге, қажетті мәліметтерді қолжетімді форматта алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қоғамдық бастамалармен ұштастыру жастардың технологиялық әлеуетін іске асыруға жол ашады.
Байқаудың ережесіне сәйкес, қатысушылар 2–4 адамнан құралған командаларға бірігіп, үздік AI-бот әзірлеу бойынша өзара бақ сынады. Жалпы байқауға 31 команда қатысты. Жобаларды әзірлеу барысында OpenAI, Gemini, Llama және басқа да ірі тілдік модельдерді (LLM) пайдалануға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, әзірленген боттардың қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуі міндеттелді. Бұл талаптар цифрлық өнімдердің қолжетімділігін арттыруға, әртүрлі тілде сөйлейтін пайдаланушылардың сұранысын ескеруге және қоғамдық маңызы бар ақпаратты кең аудиторияға ұсынуға бағытталды. Қатысушылар өз жобаларын әзірлеу барысында жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолданып, ақпаратты өңдеу, пайдаланушы сұранысына жауап беру және цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін жетілдіру бағытында жұмыс істеді.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті директорының орынбасары Азиз Дінмұхаммедұлы жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, байқаудың жастар мен жалпы қоғам үшін өзектілігін атап өтті.
«AI технологиялар қазіргі таңда қоғамымыздың дамуына көптеген мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр. Сондықтан бүгінгі байқау тек жастарға емес, жалпы қазақ қоғамына, қазақ еліне деген пайдасы зор», – деді Азиз Дінмұхаммедұлы.
Байқау қорытындысы бойынша 3 үздік команда жеңімпаз атанып, арнайы жүлде қорына ие болды. Қатысушылардың жобалары жасанды интеллект технологияларын қоғамдық міндеттерді шешуге қолданудың түрлі мүмкіндіктерін көрсетті. Сондай-ақ сайыс жастардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, командалық жұмыс тәжірибесін жетілдіруге және инновациялық идеяларын нақты өнім түрінде ұсынуына мүмкіндік берді. Байқау жеңімпаздарының бірі – «Адал кеңесі» тобы. Команда мүшелері өздерінің платформасы болашақта әртүрлі санаттағы азаматтарға қолжетімді болып, қазақ және орыс тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік беретініне үміт білдірді.
«Біздің платформамыз туралы айтатын болсақ, AI-ботымыз болашақта бүкіл Қазақстан халқына, одан қоса жағдайлары шектеулі адамдарға да, орысша сөйлейтін азаматтарға да, қазақша сөйлейтін азаматтарға да бәріне де пайдасын тигізеді деп үміттенеміз», – деді «Адал кеңесі» тобының өкілі.
Команда өкілдерінің айтуынша, платформаның басты ерекшеліктерінің бірі – ақпаратты әртүрлі тілде ұсыну арқылы пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескеру. Алдағы уақытта мұндай цифрлық шешімдер жетілдіріліп, қоғамға қажетті мәліметтерді іздеу мен алуды жеңілдетуге ықпал етуі мүмкін. Жалпы, «Адал қоғам» аясында ұйымдастырылған байқау жасанды интеллект технологияларын қоғамдық құндылықтарды насихаттау мен азаматтарға қажетті ақпаратты ұсыну бағытында қолданудың маңызын көрсетті. Жастардың бастамалары цифрлық технологияларды дамытуға, инновациялық жобаларды қолдауға және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Іс-шара «Республика күні» қарсаңында жастардың технологиялық әлеуетін танытып қана қоймай, заманауи цифрлық құралдарды қоғам игілігіне пайдалану мәселесіне де назар аударды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.