Республика күні қарсаңында Алматыда № 210 мектеп-лицейінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы офицерлерінің қатысуымен «Ерлік пен елдік – ұрпаққа аманат» атты ерлік сабағы өтті. Кездесу ұландықтардың ерлігі мен Отанға адал қызмет ету тақырыбына арналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқушыларға әскери борышқа адалдық, заңды құрметтеу және қиын сәтте көмекке келуге дайын болудың маңызы айтылды. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің сын сағатта табандылық пен батылдық танытып, Отан алдындағы борышына адал болған нақты оқиғаларына ерекше назар аударылды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі, майор Әлібек Әбділов елге қызмет ету өз ісіне адалдық пен жауапкершіліктен басталатынын атап өтті.
– Мектеп қабырғасында мінез бен жауапкершілік қалыптасады. Қандай мамандық таңдасаңдар да, бастысы – өз ісіңді адал атқарып, елге пайдаңды тигізу. Білім алудан жалықпаңдар, қиындықтардан қорықпаңдар және алдарыңа үлкен мақсаттар қойыңдар, – деді майор Әлібек Әбділов.
Ерлік сабағында майор Жандос Баянбаевтың қызмет барысында көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы сөз болды. Оның қарулы қылмыскердің шабуылына тойтарыс беріп, ауыр жарақат алғанына қарамастан, қызметтік міндетін орындауы әскери борышқа адалдықтың айқын үлгісі ретінде айтылды. Бұл ерлігі үшін офицер III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери антқа адал болу – Ұлттық ұлан қызметінің негізгі бағыттары. Әскери қызметшілердің батыл әрекеттері мемлекеттің қауіпсіздік жүйесін нығайтуға үлес қосады. Ал Отан қорғаушылардың ерлігін дәріптеу жас өрендердің бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің музыкалық бағдарламасымен және Құрмет қарауылы ротасы әскери қызметшілерінің саптық дефилесімен аяқталды. Оқушылар әскери дәстүрлермен танысып, ұландықтар қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы туралы кеңірек мағлұмат алды.