Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия сериясының кезеңінде төртінші орын алды

Турнирде Жапония құрамасы жеңімпаз атанды.

Қазақстан әйелдер құрамасы регби-7-ден Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен Азия сериясының кезеңінде төртінші орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Топтық кезеңде қазақстандық регбишілер Қытай құрамасына 7:31 есебімен есе жіберді. Кейін Шри-Ланка (32:5) мен Өзбекстан (36:0) құрамаларын жеңді.

ҚР ҰОК мәліметінше, ширек финалда Қазақстан құрамасы Таиландтан 10:5 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Алайда бұл кезеңде Жапония құрамасына 5:42 есебімен жол берді.

Қола медаль үшін өткен кездесуде қазақстандықтар Гонконг құрамасына қарсы ойнап, 5:14 есебімен жеңіліп қалды.

Турнирде Жапония құрамасы жеңімпаз атанды. Финалда жапониялық регбишілер Қытай құрамасын 14:7 есебімен жеңді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.