Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Данбаева амбулаториялық кардиологиялық қызметтің жағдайына назар аударып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, 2026 жылдың басында Қазақстанда қанайналым жүйесі аурулары бойынша медициналық бақылауда тұрған пациент саны 1,9 миллион адам болған. Бұл ересек тұрғындардың 14,4 пайызына тең. Оның ішінде 114 мың жағдай алғаш рет анықталған. Ал пациенттердің 90 пайызы амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды.
Жұлдыз Данбаеваның пікірінше, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеуде алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінің мүмкіндігін арттыру маңызды.
«Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеу – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты. Бұл мәселе халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан ауруды ерте анықтауға, тиімді емдеуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық беру қажет», – деді ол .
Депутат кардиологиялық қызметтегі негізгі мәселелердің бірі ретінде маман тапшылығын атады.
– Кардиологиялық қызметті дамытуда кадр тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Қажеттілік 4 014 маманды құрағанымен, іс жүзінде елімізде 661 маман ғана жұмыс істейді.
Материалдық-техникалық базаны да жаңарту қажет. Медициналық жабдықтардың тозуы шамамен 40 пайызды құрайды. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында бастапқы кардиодиагностикаға қажетті жабдықтар толық емес, – деп нақтылады депутат.
Скрининг жүйесінің қамту ауқымы да назар аударуды қажет етеді. Қолданыстағы жүйе 30 жастан асқан азаматтар мен жекелеген топтарды қамтиды. Депутат ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін кеңейту қажеттігіне тоқталды.
Тағы бір мәселе – амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Депутаттық сауалдағы мәлімет бойынша, дәрілік қамтамасыз ету қажеттіліктің 40–50 пайызын ғана өтейді. Жеткізудегі іркілістер салдарынан препараттар жылына 8–10 ай ғана қолжетімді болады. Бұл жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттердің емді үздіксіз қабылдауына кедергі келтіреді.
«Жүрек-қантамыр ауруларын тиімді бақылау үшін дәріні тұрақты қабылдау аса маңызды. Дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуі емнің үздіксіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан медициналық көмектің қолжетімділігін арттырумен қатар, пациенттерді қажетті препараттармен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет», – делінген сауалда.
Осы мәселелерді шешу үшін «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері бірнеше ұсыныс білдірді.
– Ірі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары базасында әр 150 мың тұрғынға бір инвазивті емес диагностика орталығын құруды және терапевтер мен жалпы практика дәрігерлерін қайта даярлауды;
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандартына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен атеросклероз кабинеттерін енгізуді және барлық өңірде кардиореабилитацияның толық циклін ұйымдастыруды;
18 жастан бастап халықты скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект бағдарламаларын және пациенттердің жағдайын қашықтан мониторингтеу жүйесін енгізуді;
Кардиологиялық қызметті жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында кешенді трансформация бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деп түйіндеді Жұлдыз Данбаева.